Алматы облысының Қаскелең қаласында Талғар ауданының 24 жастағы тұрғыны Жанасыл Сәрсенбайдың өліміне қатысты сот басталды. Іс бойынша үш жас жігіт сот алдында отыр. Процесс ашық өтіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
КТК арнасының мәліметінше, тергеу нұсқасына сәйкес, сотталушылардың бірі Жанасылға пышақ жарақатын салған. Жас жігіт ауруханада көз жұмды. 19 және 20 жастағы үш жігіттің біреуі кісі өлтірді, қалған екеуі қылмысты жасырды деп айыпталып отыр.
Оқиға мамыр айында болған. Марқұм інісімен бірге әкесінің зиратына барып қайтып келе жатқанда, жолын жастар мінген көлік бөгеген. Жанасыл жол беруді сұрап белгі берген. Кейін көлікті айналып өтіп кеткен. Осыдан соң жастар оның соңынан еріп, үйіне дейін барған.
Сотта сотталушылардың бірі оқиғаны баяндап, Жанасылға пышақ сұққан жігіттің кейін жүргізушіге «газды бас» дегенін айтты.
Марқұмның ағасы Еркебұлан Сәрсенбайдың сөзінше, үш жігіт көліктен түсіп, ешқандай әңгімесіз Жанасылға пышақпен шабуыл жасаған.
Жанасыл ауруханада қайтыс болды. Анасы сотталушыларға қатаң жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тарап 100 миллион теңге өтемақы талап етіп отыр.
Сотта іс «Кісі өлтіру» және «Қылмысты жасыру» баптары бойынша қаралуда. Айып тағылған баптарға сәйкес, сотталушылар алты жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.