Freedom Finance пен ҚазТАГ ісі: сотта жәбірленуші тараптың өкілі куәлік берді

Freedom Finance пен ҚазТАГ ісі: сотта жәбірленуші тараптың өкілі куәлік берді
ашық дереккөз

Алматы қаласының Алмалы аудандық қылмыстық істер жөніндегі сотында Freedom Finance компаниясына қатысты іс бойынша сот отырысы жалғасуда. 15 шілдеде айыптау тарапының шақыруымен жәбірленушілердің бірі Гүлмира Исаева куәлік берді, деп хабарлайды ult.kz ҚазТАГ-қа сілтеме жасап.

Оның айтуынша, 2025 жылғы 3 сәуірде өзі, адвокат Светлана Оралбаева және басқа да жәбірленушілер КазТАГ агенттігінің редакциясына барып, Freedom Finance-тің атқарушы директоры Виталий Световой мен Өзбекстандағы Freedom Finance академиясының бұрынғы басшысы Темірлан Бековке қатысты қозғалған қылмыстық істер жайында сұхбат берген.

Гүлмира Исаева сотта өзінің егде жастағы әкесі Құрман Исаевтың мүддесін қорғайтынын айтты. Оның сөзінше, әкесі Виталий Световойдың әрекетінен қаржылай шығынға ұшыраған. Сонымен қатар басқа да егде инвесторлар, оның ішінде 85 жастағы азамат та жинаған қаражатынан айырылғанын мәлімдеді.

Куәгердің айтуынша, бастапқыда жәбірленушілер Астанада Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде Freedom Finance өкілдерімен кездесу өткізуді жоспарлаған. Алайда кездесу өтпеген соң, олар бұқаралық ақпарат құралдарына жүгінуге шешім қабылдаған.

Осылайша жәбірленушілер КазТАГ редакциясына хабарласып, сұхбат беруге келіскен. Исаеваның айтуынша, бас редактор Әмір Қасенов алдымен қылмыстық іс материалдарын, жеке куәліктер мен адвокаттың құжаттарын тексерген. Кейін сұхбаттың видеоға жазылатынын ескертіп, қатысушылардың әрқайсысынан жеке-жеке мән-жайды сұраған.

Гүлмира Исаева редакцияға бару бастамасы толықтай жәбірленушілердің өздерінен шыққанын айтты. Оның сөзінше, мемлекеттік органдардан нақты нәтиже болмағандықтан, олар қоғамның назарын аудартуға тырысқан.

Сондай-ақ ол жәбірленушілердің арнайы ұйымдастырылып, Freedom Finance-ке қарсы ақпараттық науқан жүргізді деген пікірмен келіспейтінін жеткізді. Оның айтуынша, олар кез келген басқа бұқаралық ақпарат құралына да жүгінуге дайын болған.

Куәгердің сөзінше, әрбір жәбірленуші өз ісіне қатысты құжаттарды жеке ұсынған және оқиға туралы өз атынан баяндаған. Ортақ сценарий немесе рөлдер алдын ала келісілмеген.

Сот барысында Гүлмира Исаева Freedom Finance басшылығымен бірнеше кездесу өткенін, алайда олардың нәтиже бермегенін айтты. Ол компания өкілдеріне егде жастағы инвесторларға қатысты бақылау мен тәуекелдерді басқару жүйесінің жұмысына қатысты сауал қойды.

Еске салайық, бұған дейін осы іс бойынша КазТАГ агенттігінің бас редакторы Әмір Қасеновтің үйқамақтағы бұлтартпау шарасы қамауға алумен ауыстырылған болатын. Кейін ол әлеуметтік желідегі мәлімдемесінен соң құрғақ аштық жариялағанын хабарлаған.