Қазақстанда концерт кезінде фонограммамен ән айтуға қатысты жаңа талап күшіне енді. Енді концерттік-ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шараларда вокалды фонограмманы пайдаланған орындаушылар мен ұйымдастырушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz.
Өзгерістерге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 маусымда қол қойған «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне және Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №318-VIII ҚРЗ заңында көзделген.
Заңға сәйкес, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 156-бабы жаңа үшінші және төртінші бөліктермен толықтырылды.
Енді концерттік-ойын-сауық және мәдени-бұқаралық іс-шаралар кезінде ұйымдастырушылардың, шығармашылық ұжымдар мен орындаушылардың дауыс (вокалды) фонограммасын пайдалануы айыппұл салуға әкеп соғады.
Бірінші рет анықталған жағдайда жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал заңды тұлғаларға 150 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі артады. Бұл жағдайда жеке тұлғалар 150 АЕК, ал заңды тұлғалар 200 АЕК төлейді.
Алайда жаңа талаптың да ерекшеліктері бар. Тыйым телевизиялық жазбалар мен түсірілімдерге, сондай-ақ концерттік іс-шараларды өткізуге арнайы бейімделмеген және арналмаған өзге де орындарға қолданылмайды.
Осылайша, сахнада жанды дауыспен өнер көрсетуге қойылатын талап күшейіп, фонограммаға сүйенетін орындаушылар мен концерт ұйымдастырушыларына нақты әкімшілік жауапкершілік енгізілді.