Freedom Inside '26

Fitch: Қазақстанның рейтинг болжамы – «Тұрақты»

Fitch: Қазақстанның рейтинг болжамы – «Тұрақты»
ашық дереккөз

Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады. Рейтинг бойынша болжам «Тұрақты» болып қалды, деп хабарлайды ult.kz.

Агенттік сарапшыларының бағалауынша, Қазақстанның рейтингін елдің берік сыртқы қаржылық ұстанымы, таза шетелдік активтердің жоғары көлемі және мемлекеттік борыштың төмен деңгейі қолдап отыр.

Fitch мәліметінше, 2026 жылы мұнай бағасының жоғары болуы Қазақстанның сыртқы экономикалық жағдайын одан әрі нығайтуға ықпал етеді. Ұлттық қордың валюталық активтері биыл мамыр айының соңында 66,4 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Сонымен қатар агенттік Қазақстанның таза шетелдік активтер бойынша көрсеткіші рейтинг деңгейі ұқсас мемлекеттер арасында ең жоғары көрсеткіштердің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Елдің қаржылық тұрақтылығын халықаралық резервтердің көлемі де күшейтіп отыр. 2026 жылғы мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанның халықаралық резервтері 67,6 миллиард АҚШ долларына жеткен. Сарапшылардың пікірінше, әлемдік нарықтағы алтын бағасының жоғары болуы резервтердің өсуіне оң әсер еткен.

Fitch болжамына сәйкес, Қазақстанның үкіметтік борышы 2026–2027 жылдары жалпы ішкі өнімнің шамамен 23 пайызы деңгейінде сақталады.

Агенттік сондай-ақ Қазақстан экономикасының өсіміне оң баға берді. Сарапшылардың дерегінше, 2025 жылы ел экономикасы 6,5 пайызға өскен. Бұл өсім көлік саласының қарқынды дамуы және экономиканың басқа секторларындағы белсенділікпен қатар жүрген.

Fitch алдағы жылдары көлік, өңдеу өнеркәсібі және қызмет көрсету салалары Қазақстан экономикасының негізгі өсу драйверлерінің бірі болып қала береді деп болжап отыр.