Еуразия экономикалық одағына көлікті уақытша кіргізу мерзімі ұзартылды

Еуразия экономикалық одағына көлікті уақытша кіргізу мерзімі ұзартылды

Еуразия экономикалық одақ кеңесі жеке тұлғалар үшін Еуразия экономикалық одағының кеден аумағында автомобильдер мен басқа көлік құралдарының уақытша жүріп-тұру мерзімін 30 қыркүйекке дейін ұзартты, деп хабарлайды Еуразия экономикалық одағының баспасөз қызметі.

Осылайша автомобильдер мен басқа техниканы уақытша кіргізген азаматтар 30 қыркүйекке дейін оларды ЕАЭО-дан қайта шығару міндетінен босатылды. Тиісінше оларға қатысты әкімшілік шаралар қолданылмай, кедендік төлем төленбейді. 

Бұл шешім сондай-ақ Калининград облысынан жеңілдік тәртібімен кеденнен өткізілген көлікпен келіп, үйіне орала алмаған азаматтарға да қатысты. 

Кеңес сондай-ақ ЕАЭО-ға тұрғылықты мекенжайға көшіп келген тұлға, босқын, шарасыздан қоныс аударушылардың одаққа жеке мүлігін баж салығын төлемей кіргізудің 18 айлық мерзімін 30 қыркүйекке дейін тоқтатты. 

Шешім 1 наурыздан 30 қыркүйекке дейін туындаған немесе туындайтын мәселелерге қатысты болады. Бұл шешім ЕАЭО-ның коронавирус індетіне қарсы күрес бойынша қабылдаған шараларына байланысты азаматтардың өз құқықтарын іске асырып, міндеттерін орындау мүмкіндігінің жоқтығы себебімен қабылданған.