Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Есірткімен күрес жастардың сауатын көтерумен ұштасуы қажет

Есірткімен күрес жастардың сауатын көтерумен ұштасуы қажет
kaz.orda.kz

«Заң мен Тәртіп» ел өмірінің ажырамас бөлігі, бұлжымас қағидаты болуға тиіс», - деген болатын мемлекет басшысы Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының X құрылтайында. Осы ретте әсіресе жастардың құқықтық сауатын арттырып, заң шеңберінде әрекет етуін үйрету - қоғам еншісінде. Дегенмен де аяғын шалыс басып жататын жастар азаймай тұр. Әсіресе есірткі қылмысына қатысты дерек көңіл жылатады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, 2026 жылдың 9 айында кәмелет жасына толмағандардың арасында темір торға тоғытылғандардың саны өткен жылдың толық көрсеткішінің 88 пайызына жетіпті. Осы ретте Құрылтай депутаттары жастарды сауаттандыру жұмысына мән беру керек екенін айтып дабыл қақты.

ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика мәліметтеріне сүйенген «ӘДІЛЕТ» Фракциясы атынан сайланған Құрылтай депутаттары соңғы екі жылдың деректерін келтірді.

Олардың айтуынша былтыр елде есірткі қылмысына қатысты 67 жасөспірімнің қолына кісен кигізілген болса, биыл қазан айына дейін 59 жасөспірім сотталып кетіпті.

 Ал жалпы 2025 жылы 8 280 есірткі қылмысы тіркеліп, 4 684 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылған. 2026 жылдың тоғыз айында 7 464 есірткі қылмысы тіркеліп, 3 282 адам қылмыстық жауаптылыққа тартылыпты.

«Бұл деректер профилактикалық жұмысты күшейтіп, балалар мен жасөспірімдерді есірткінің заңсыз айналымына тартудан қорғау қажеттігін көрсетеді», - деп айтты Құрылтай отырысында депутат Дидарбек Ділдәбек.

Дегенмен де биыл елімізде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында 2 млн. жас азаматты қамтыған есірткіге қарсы профилактикалық іс-шаралар өткізілген екен.

 Бұдан бөлек, айта кетейік, Қазақстан Үкіметінің 2025 жылғы 19 желтоқсандағы №1117 қаулысымен бекітілген 2026–2028 жылдарға арналған кешенді жоспары бар. Жоспар аясында жастар арасында нашақорлықтың алдын алу сияқты бірқатар жұмыстар жоспарланған.