Есірткі жарнамасына жол жоқ: Шымкентте 500-ден астам жазба жойылды

Есірткі жарнамасына жол жоқ: Шымкентте 500-ден астам жазба жойылды
POLISIA.KZ

«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында Шымкент қаласында полиция департаментінің бастамасымен есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымы мен жарнамасының алдын алуға бағытталған «Шымкент – есірткісіз қала» іс-шарасы өтті, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шараға мемлекеттік органдардың өкілдері, полиция қызметкерлері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйымдар мен белсенді азаматтарды қоса алғанда, үш мыңға жуық адам қатысты.

Саптық жиыннан кейін қатысушылар қаланың бес ауданына бөлініп, полиция қызметкерлерімен бірлесіп белгіленген аумақтарды тексерді. Жұмыс барысында есірткіні насихаттайтын 500-ден астам заңсыз жазба анықталып, жойылды.

Іс-шара аясында Шымкент қаласының барлық ауданы қамтылып, тұрғын үйлердің қабырғалары, қоршаулар мен өзге де нысандар тексерілді.

Полиция азаматтарды есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысты фактілерге бейжай қарамай, құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады.