«Әділет» партиясының Құрылтайдағы фракциясы солтүстік және шығыс өңірлерді газдандыру мәселесін көтеріп, Энергетика министрлігіне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды ult.kz.
Депутат Ерлан Сайырдың министр Ерлан Ақкенженовке жолдаған сауалында Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газбен қамтамасыз ету мәселесі сөз болған.
Депутаттың айтуынша, Мемлекет басшысы Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерін табиғи газбен қамтуды стратегиялық міндет ретінде белгілеген. Ал Үкімет 2036 жылға қарай елдегі газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр.
Сайлау алдындағы кездесулерде аталған облыстардың тұрғындары «Әділет» партиясы өкілдеріне өңірлерді газдандыру мәселесін бірнеше рет көтерген.
Сонымен қатар 2026 жылы солтүстік бағыт бойынша «Есіл – Астана» магистральдық газ құбырының жеке жобасы әзірленіп жатқаны айтылды. Жоба Петропавл, Көкшетау және Астананы газбен қамтамасыз етуге бағытталған.
Алайда депутат Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарын газбен қамтудың нақтыланған моделі әзірге ашық көздерде ұсынылмағанын атап өтті.
Сауалда министрлікке үш негізгі мәселе бойынша түсініктеме беру ұсынылды. Атап айтқанда, «Есіл – Астана» жобасы іске қосылғаннан кейін солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың бірыңғай моделі сақтала ма, Павлодар, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары үшін қандай сценарий қарастырылып отыр және бұл өңірлер газдандыру деңгейін 80 пайызға жеткізу жөніндегі Жол картасына жеке енгізіле ме деген сұрақтар қойылды.
«Әділет» фракциясы солтүстік-шығыс экономикалық аймағын газдандыруды жеделдетуді, газ құбырларын тартуға мемлекеттік-жекешелік әріптестік пен жеке инвестицияларды тартуды, сондай-ақ ішкі газ көздерін іздеуді күшейтуді ұсынды.
Сонымен қатар партия халыққа газдандыру мәселесінің шешілу тетіктері мен мерзімдері туралы түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет деп санайды.