Вице-Президент Ерлан Қарин әлемге әйгілі актер әрі режиссер Джеки Чан бастаған халықаралық киножобаның түсірілім тобымен кездесті, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өтті. Оған шетелдік және қазақстандық продюсерлер Эсмонд Рен, Рүстем Омаров, Игорь Цай және Орынбасар Құдайбергенов қатысты.
Кездесу барысында Қазақстандағы кинематография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту және бірлескен киножобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны дамытуға және азаматтардың шығармашылық әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.
Оның айтуынша, ірі халықаралық киножобалардың Қазақстанда түсірілуі отандық киноиндустрияның дамуына, жергілікті мамандардың тәжірибесін арттыруға және елдің халықаралық киноөндіріс үшін тартымды алаң ретінде танылуына мүмкіндік береді.
Кездесуде кино саласындағы жаңа технологияларды дамыту мәселесіне де назар аударылды. Ерлан Қарин биыл Астана қаласында өткен Astana AI Film Festival туралы айтты. Фестивальге әлемнің 125 елінен 8 мың өтінім түскен.
Соңында Вице-Президент Джеки Чанға Қазақстанға деген ерекше ықыласы үшін алғыс айтып, халықаралық киножобаға қатысушыларға шығармашылық табыс тіледі.