Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар балаларды үй жағдайында оңалтуға бағытталған пилоттық жоба өз тиімділігін көрсетті. Бүгінгі күнге дейін жоба аясында 628 балаға кешенді оңалту көмегі көрсетілсе, олардың 470-інде даму мен денсаулық көрсеткіштерінің оң динамикасы тіркелген, деп хабарлайды ult.kz.
Заманауи оңалту жабдықтары мен цифрлық шешімдерді үйде қолданудың арқасында балалардың қимыл-қозғалыс дағдылары айтарлықтай жақсарған. Олар басын өздігінен ұстауды, өз бетінше отыруды, сүйеніп тұруды меңгеріп, алғашқы қадамдарын жасай бастаған.
«QH. Мүгедектігі бар балаларды үй жағдайында оңалту» пилоттық жобасын Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы мен «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры бірлесіп жүзеге асырып жатыр. Жобаның негізгі мақсаты – жоғары технологиялық оңалту қызметін балалардың тұрғылықты жерінде қолжетімді ету.
Қазіргі уақытта жоба Шымкент қаласы, Қызылорда, Павлодар және Абай облыстарында іске асырылуда. Қатысушыларға көпфункционалды бейімделген креслолар, MyWay жүріп-тұру құрылғылары, вертикализаторлар мен арнайы тренажерлар сияқты заманауи техникалық оңалту құралдары беріледі. Жалпы жоба аясында 405 арнайы техника бірлігі пайдаланылып жатыр.
Инклюзия департаментінің директоры Ғазиза Иманғалидың айтуынша, жобаның тиімділігі мультидисциплинарлық сарапшылар тобының үздіксіз қашықтан сүйемелдеуімен қамтамасыз етіледі. Мамандар әр балаға жеке оңалту бағдарламасын әзірлеп, оның орындалуын цифрлық күнделік арқылы қадағалайды. Ал ата-аналар күн сайын орындалған жаттығулар туралы мәліметтерді енгізіп отырады. Бұл нақты уақыт режимінде оңалту жоспарын қажетіне қарай түзетіп, отбасының емдеу процесіне белсенді қатысуына мүмкіндік береді.
Мамандардың пікірінше, пилоттық жобаның оң нәтижелері еліміздегі әлеуметтік қолдау жүйесін одан әрі жетілдіруге негіз болады. Жыл соңына дейін жобаны Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарына кеңейту жоспарланып отыр.