Шымкент тұрғыны қаланың жаңа халықаралық әуежайында жолаушыларға намаз оқуға арналған арнайы орынның жоқтығына шағымданды, деп хабарлайды ult.kz.
Ол әуежайдағы жағдайды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған. Тұрғынның айтуынша, намаз оқу үшін оған рейсін күтіп отырған жолаушылар жүретін залдағы дәлізді пайдалану ұсынылған.
«Жаңа, үлкен әрі заманауи халықаралық әуежайда намаз оқитын арнайы бөлменің болмағаны өкінішті», – деді ол.
Тұрғын Алматы әуежайын мысалға келтірді. Оның сөзінше, онда ерлер мен әйелдерге арналған екі намазхана және дәрет алуға қажетті жағдай жасалған.
Желі қолданушылары да әуежайдағы жағдайды талқылап, өзге де мәселелерге назар аударды. Кейбірі мұнда ана мен балаға арналған бөлменің де жоқ екенін айтып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау қажет екенін жазды.
Әуежай өкілдері әзірге намазхана ашу жоспарда жоқ екенін түсіндірді. Олардың айтуынша, терминал жобасы сәулетшілер, тиісті мамандар мен сарапшылардың келісімімен әзірленген. Ал намазхана салу міндетті талаптар тізіміне кірмеген.
Соған қарамастан, бұл мәселе инвесторлармен талқыланған.
«Әуежайда әлі ашылмаған нысандар көп. Алдымен ана мен балаға арналған үш арнайы бөлме ашуды жоспарлап отырмыз. Кейін жолаушылардың демалуына арналған орындар іске қосылады. Осы жұмыстар аяқталған соң намаз оқитын орын мәселесін де қарастырамыз», – деді әуежай өкілдері.