Түркияда Хатидже Ялманның қаза болардан шамамен екі сағат бұрын дүкенде жүрген сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Бейнекадрларда әйелдің серігі Мустафа Коч сауда жасап жатқанда оның жанында үнсіз тұрғаны көрінеді. Хатидже көз жасын сүртіп, қолымен жасырын түрде көмек сұраған белгі көрсеткен. Бұл ишарада бас бармақ алақанға бүгіліп, қалған саусақтар оның үстінен жұмылады.
Видео тарағаннан кейін әлеуметтік желіде жәбірленушінің әрекетіне қатысты түрлі пікір айтылды. Кейбір қолданушылар «неге айқайламады?», «неге қашпады?» деген сұрақтар қойған.
Алайда мамандардың айтуынша, адам қатты қорқыныш немесе зорлық жағдайында әртүрлі реакция көрсетуі мүмкін. Кейбір жәбірленушілер қарсылық білдіріп, қашуға тырысса, енді бірі есеңгіреп, қозғала алмай немесе көмек сұрай алмай қалуы ықтимал.
Хатидже Ялманның өліміне қатысты іс бойынша оның серігі Мустафа Коч әйелді таспен ұрып өлтірген. Ер адам бастапқыда полицияға бұл оқиғаны жол-көлік апаты ретінде көрсеткен. Алайда дәрігерлер әйелдің денесіндегі жарақаттардың айтылған нұсқаға сәйкес келмейтінін анықтаған. Кейін оқиға орнынан шамамен 400 метр жерден қан іздері бар тастар табылған.
2026 жылдың наурызында Мустафа Коч өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Хатидже қайтыс болған кезде 30 жастан енді асқан еді. Ал дүкендегі бейнежазба оның өлімінен бірнеше ай өткен соң ғана жарияланған.