Жапониялық Ясуо Такамацу 2011 жылы елді дүр сілкіндірген алапат жер сілкінісі мен цунами кезінде із-түзсіз жоғалған жұбайын 14 жылдан бері іздеуді тоқтатқан жоқ, деп хабарлайды ult.kz.
Әйелі Юко апат кезінде хабар-ошарсыз кеткен. Алдымен Такамацу екі жылдан астам уақыт бойы құрлықтан іздеу жұмыстарын жүргізген. Алайда еш нәтиже шықпаған соң, 2013 жылы ол арнайы дайвингті меңгеріп, мұхит түбінен іздеуге бел буады.
Содан бері жапондық ер адам мұхитқа 650-ден астам рет сүңгіп, әйелінің соңғы тілегін орындауға тырысып келеді. Юконың күйеуіне жіберген соңғы хабарламасында: «Жағдайың жақсы ма? Мен үйге қайтқым келеді», – деген сөздер жазылған.
Қазір жасы 60-тан асқан Такамацу Жапонияның Онагава қаласы маңындағы теңіз акваториясында ерікті сүңгуірлермен бірге іздеу жұмыстарын әлі де жалғастырып жүр.
Ол осы уақытқа дейін жұбайын таба алмағанымен, суға сүңгу өзін әйеліне бұрынғыдан да жақын сезінудің жалғыз жолы екенін айтады.
Ясуо Такамацудың оқиғасы әлем жұртшылығын бейжай қалдырмай, мәңгілік махаббат пен адалдықтың символына айналған әсерлі хикаялардың бірі ретінде бағалануда.