Енді мемлекеттік туды балконға ілуге болады: Үкімет жаңа ереже бекітті

Енді мемлекеттік туды балконға ілуге болады: Үкімет жаңа ереже бекітті
Ұлттық олимпиада комитеті

Жеке және заңды тұлғаларға Қазақстанның мемлекеттік туын тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға орналастыруға рұқсат берілді. Бұл туралы Үкіметтің жаңа қаулысында көрсетілген, деп хабарлайды ult.kz.

Құжатқа сәйкес, мемлекеттік ту ғимараттарға 45 градус бұрышпен, сондай-ақ салтанатты іс-шаралар өтетін орындарда орналастырылуы мүмкін.

Жеке тұрғын үйлерде туды кемінде үш метр биіктікте ілуге болады. Мұндай жағдайда түнгі уақытта оны жарықтандыру міндетті емес. Егер ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктері мүмкіндік бермесе, туды іргелес аумақтағы арнайы ту тұғырына орнатуға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, мемлекеттік ту жерге, еденге, суға немесе басқа беттерге тимеуі тиіс. Ту тігінен ілінген жағдайда ұлттық ою-өрнек матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы қажет.

Қаулыда жеке және заңды тұлғалардың мәдени, спорттық, қоғамдық және өзге де іс-шараларда мемлекеттік туды коммерциялық мақсатта пайдалануға болмайтыны атап көрсетілген. Сондай-ақ ту бүлінбеген, таза, мыжылмаған әрі өңі оңбаған күйде болуы тиіс.

Бұдан бөлек, мемлекеттік туды заң талаптарын сақтай отырып, жеке және заңды тұлғаларға тиесілі көлік салонында орналастыруға рұқсат етілген.

Ал мемлекеттік туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киім, төсек-орын жабдықтары, перде, дастархан, кілемше және басқа да тұрмыстық бұйым ретінде пайдалануға тыйым салынады.

Қаулыға сәйкес, мемлекеттік рәміздерге арналған стендтер орналасатын орындар эстетикалық талаптарға сай безендіріліп, шаруашылық бөлмелерінен, дәліздер мен гардеробтардан алыс жерде орналасуы қажет.