Шымкентте II топтағы мүгедектігі бар әйел психикалық денсаулық орталығында ем алып жатқан кезде өзіне тиесілі үйі, жер телімі мен пәтерінен айырылған. Алайда ол сот арқылы мүлкін қайтара алды, деп хабарлайды ult.kz.
Жоғарғы соттың мәліметінше, іс материалдарына сәйкес, әйел сенімхаттар мен жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату шарттарын жарамсыз деп тануды сұрап сотқа жүгінген. Ол бұл құжаттардың қандай жағдайда рәсімделгенінен бейхабар болғанын және өз мүлкін сатуға ешқашан келісім бермегенін айтқан.
Талап қоюшының мәліметінше, құжаттарға қол қойылған кезде ол облыстық психикалық денсаулық орталығында стационарлық ем қабылдап жатқан. Әйелдің айтуынша, осы жағдайды пайдаланған екі нотариус пен үш туысы сенімхат рәсімдеп, кейін оның жер телімі бар тұрғын үйі мен пәтерін сатып жіберген.
Сот барысында туыстары сенімхат негізінде әйелдің атынан әрекет етіп, оның жылжымайтын мүлкін иеліктен шығарғаны анықталды. Соның салдарынан ол жалғыз баспанасынан айырылып, туыстарының үйінде тұруға мәжбүр болған.
Сот-психиатриялық сараптама талап қоюшының 2019 жылдан бері психикалық сырқатқа шалдыққанын және құжаттарға қол қойған сәтте өз әрекетінің мәнін толық түсініп, оған бақылау жасай алмағанын растаған.
Осы дәлелдерді ескерген сот сенімхаттар мен олардың негізінде жасалған сатып алу-сату мәмілелерін жарамсыз деп таныды. Нәтижесінде тараптар бастапқы құқықтық жағдайына келтіріліп, әйелдің үйі, жер телімі мен пәтеріне қатысты мүліктік құқықтары толық қалпына келтірілді.
Жоғарғы соттың мәліметінше, бұл шешім заңды күшіне енді.