Елордалықтар көгілдір отын қызығын қашан көреді

Елордалықтар көгілдір отын қызығын қашан көреді

2020 жылдың күзінен бастап елорда тұрғындарына газ беріле бастайды. Бұл туралы бүгін Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сарыарқа» магистральды газ құбырына қосылу үшін Нұр-Сұлтан қаласының, Қарағанды мен Ақмола облыстарының әкімдіктері газ тарату желілерін салуы тиіс. Нұр-Сұлтан қаласында газ тарату желісін салу 2025 жылға дейінгі құрылыс мерзімімен үш кезеңге бөлінген. Қала әкімдігі 9 іске қосу кешені бар 1-кезеңнің жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, бірінші кезеңді жүзеге асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 2,2 млрд теңге бөлінген. Аталған қаражаттың 550 млн теңгесі 1-інші және 2-іске қосу кешеніне, 1,7 млрд теңге 3-інші және 6-іске қосу кешендерін салуға жұмсалады.

«Барлық 9 іске қосу кешені бойынша мердігер ұйымдар анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 1-інші, 2-іске қосу кешендері Жылу электр стансасына желі тартуды көздейді. Қазіргі уақытта 4 шақырым немесе 15,4 пайыз құбыр төселді. ЖЭС-1, 3-ке арналған газды реттеу бекетінің і  етті барлық құрал-жабдықтар мен 100 пайыз құбыр өнімдерін жеткізу күтіледі. 3-тен бастап 6-шы іске қосу кешендері Көктал-1, 2 тұрғын үй алаптарына газ тарату желілерін қамтиды. Бұл кешендер аясында 14 шақырым немесе 78 пайыз құбыр жеткізілді. Көктал шағын ауданында 4 газ реттеу бекетінің іргетасын дайындау жұмыстары аяқталды. Жылдың соңына дейін 4 газ реттеу бекетін және 100 пайыз құбыр өнімдерін жеткізу күтіледі», - деді вице-министр.

Мұрат Жүребеков 7-ден бастап 9-шы іске қосу кешендері Оңтүстік-Шығыс, Железнодорожный тұрғын үй алаптарына газ жеткізуді көздейтіндігін айтты. Бұл бағытта осы жылдың соңына дейін 9 шақырым құбыр өнімдері жеткізілмек.

«Бірінші кезең мен 9-іске қосу кешені құрылысының толықтай аяқталуы келесі жылдың жылу беру маусымына, яғни 2020 жылдың күзіне жоспарланған», - деді ол.