Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

“Қазақмыс” қолдауымен Ұлытау облысында 3 мың адамға арналған мешіт ашылды

“Қазақмыс” қолдауымен Ұлытау облысында 3 мың адамға арналған мешіт ашылды

13 қарашада Жезқазған қаласында 3 мың адамға арналған Ұлытау облысының жаңа орталық мешіті салтанатты түрде ашылды. Өңірдегі ең ірі рухани нысандардың бірі "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-нің қолдауымен бой көтерді, деп хабарлайды Ult.kz.

Салтанатты рәсімге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков, корпорация басқармасының төрағасы Руслан Өскенелі, Ұлытау облысының құрметті азаматтары, ақсақалдар мен мердігер ұйым өкілдері қатысты.

Мешіт құрылысы 2025 жылы басталды. Сол жылдың шілдесінде Бас мүфтидің қатысуымен нысанның алғашқы кірпіші қаланып, салтанатты рәсім өтті. Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, ал бас мердігері – «Integra Construction» ЖШС. ҚМДБ Төралқасының шешімімен мешітке «Ұлытау облысының орталық мешіті» атауы берілді.

Жаңа мешіт Жезқазған қаласының орталығында орналасқан. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы шамамен 3 800 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында нысанға іргелес 4 855 шаршы метр аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары да қарастырылған. Мешіт діни рәсімдер өткізумен қатар, өңір тұрғындарына рухани-ағартушылық бағытта қызмет көрсететін орталыққа айналмақ.

"Бүгін – Ұлытау облысының рухани өміріндегі айрықша әрі тарихи күн. Бұл қасиетті мекенде бой көтерген жаңа мешіт халқымыздың тарих бесігі саналатын Ұлытаудың жарқын куәгеріне, ізгілік пен рухани құндылықтардың ордасына айналғай", – деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Орталық мешіттің ашылуы «Қазақмыс» компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асқан маңызды әлеуметтік жобалардың бірі болды.

"Біз халқымыздың ғасырлар бойғы дәстүрін, ұрпақтар сабақтастығын, ізгілік пен адамгершілік құндылықтарын сақтайтын жаңа рухани орталықтың есігін ашып отырмыз", – деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков.

«Ұлытау облысын дамыту біз үшін ерекше маңызға ие. Өндірісті жаңғырта отырып, біз әрдайым компаниямыздың басты қағидатын — халықтың игілігі үшін еңбек етуді басшылыққа аламыз», — деп атап өтті «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі.