Елордада жалдамалы пәтерден есірткі таратқан екі ер адам ұсталды

Елордада жалдамалы пәтерден есірткі таратқан екі ер адам ұсталды
© Sputnik / Табылды Кадырбеков

Астанада полицейлер гашиш майын заңсыз сақтап, таратумен айналысқан екі ер адамның әрекетіне тосқауыл қойды. Күдіктілерден 1,5 келіден астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.

Тергеу мәліметінше, 24 және 23 жастағы елорда тұрғындары бір тұрғын үйдің әртүрлі қабаттарынан пәтер жалдап, оларды есірткі заттарын сақтап, тарату орны ретінде пайдаланған.

Күдіктілер гашиш майын интернет-мессенджерлер арқылы сатып, есірткіні арнайы жасырын орындарға қалдырып отырған.

Тінту барысында пәтерлерден сары түсті сұйықтық құйылған пластик құтылар, электронды таразылар, орауға арналған материалдар және құрамында есірткі заты бар ыдыстар тәркіленді. Сараптама олардың гашиш майы екенін растады.

Сонымен қатар пәтерлердің бірінің ас үйінен есірткі қалдықтары бар мантоварка табылды. Полицейлердің мәліметінше, күдіктілер гашиш майын сатуға ыңғайлы ету үшін оны осы ыдыста ерітіп, кейін қаптаған.

Жалпы жүргізілген тінту барысында 1,5 келіден астам гашиш майы мен марихуана тәркіленді.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Полиция есірткі заттарын заңсыз сақтау, дайындау және тарату әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенін еске салды.