Елімізде коммуналдық төлемдерге берілетін әлеуметтік көмек автоматтандырылады

Елімізде коммуналдық төлемдерге берілетін әлеуметтік көмек автоматтандырылады
ашық дереккөз

Елімізде коммуналдық төлемдерге берілетін тұрғын үй көмегін тағайындау процесі автоматтандырылып, өңірлерде есептегіш құралдарды жаппай орнату жоспарланып отыр. Бұл  туралы Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Жиында вице-премьер өңір әкімдіктеріне биыл «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясындағы жобалардың жүзеге асырылуын ерекше бақылауға алып, инженерлік инфрақұрылым нысандарындағы жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтау қажеттігін баса айтты. 

«Тұтынушыларды есептеу құралдарымен толық жабдықтамай цифрландыруды жүзеге асыру мүмкін емес. Осыған байланысты энергетика, өнеркәсіп және құрылыс министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, қысқа мерзімде әрбір өңір бойынша есепке алу құралдарын орнату қажеттігін айқындап, Ұлттық экономика министрлігімен бірге аталған жобаларды жүзеге асыру бойынша 2029 жылға дейінгі нақты іс-шаралар жоспарын бекітуі қажет. Сонымен қатар коммуналдық төлемдер өтеу бойынша тұрғын үй көмегін тағайындау рәсімдерін жеңілдету және автоматтандыру жұмыстары жүргізілуде. Осы мақсатта Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, сондай-ақ әкімдіктермен бірлесіп, қысқа мерзімде бірыңғай есеп айырысу орталықтарының мемлекеттік ақпараттық жүйелермен тиісті интеграциясын қамтамасыз етуі қажет», - деді Қанат Бозымбаев.