Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

Еліміз өңірлеріндегі инфляциялық үрдістер қалай қалыптасты

Еліміз өңірлеріндегі инфляциялық үрдістер қалай қалыптасты


ҚР Ұлттық банкі өңірлердегі инфляциялық үрдістерге түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2021 жылғы қыркүйекте инфляция 0,4% құрады (тамызда – 0,5%). Азық-түлік тауарларының бағасы бір айда 0,1%-ға (тамызда – 0,1%), азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 0,6%-ға (тамызда – 0,6%), ақылы қызметтер бағасы 0,7%-ға өсті (тамызда – 0,8%). Жылдық инфляция 8,9% құрады (тамызда – 8,7%). Өңірлер бойынша жылдық инфляцияның өсімінің жеделдеуі 13 өңірде, бәсеңдеуі 3 өңірде байқалып, 1 өңірде бағаның өсу қарқыны өзгеріссіз қалды. Бағаның өсу қарқынының ең айқын баяулауы Павлодар облысында орын алды, бұл өңірде көрсеткіш тамыз айындағы 9,2%-дан қыркүйек айында 8,8%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның ең жоғары жеделдеуі Қызылорда облысында байқалды (8,2%-дан 8,8%-ға дейін). Жылдық инфляция 6 өңірде жалпы республикалық деңгейден жоғары болды, олардың ішінде ең үлкен мән Маңғыстау облысында тіркелді (9,8%)», - делінген ҰБ мәліметінде. 

Алматы қаласы мен Алматы облысы Қазақстан бойынша тұтыну бағасы индексінің (ТБИ) өсуіне едәуір үлес қосуды жалғастыруда (тиісінше 1,4 п.т. және 1,0 п.т.), олардың ТБИ-де салмағы ең жоғары. Осы өңірлерде бағаның өсуі тиісінше 8,7% және 8,5% болды.

«Қазақстанда азық-түлік тауарлары бір жылда 11,5%-ға (тамызда – 11,4%-ға) қымбаттады. Ең төменгі өсу Шығыс Қазақстан (10,5%) және Солтүстік Қазақстан (10,6%) облыстарында, ең жоғары өсу – Маңғыстау облысында (13,1%) байқалды. Ел бойынша азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы 7,5%-ға (тамызда - 7,3%-ға) өсті. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының ең жоғары өсуі Атырау және Ақтөбе облыстарында (8,0%-дан), ең төмен өсуі – Павлодар облысында тіркелді (6,8%). Елімізде ақылы қызметтер 6,8%-ға (тамызда - 6,6%-ға) қымбаттады, Ақтөбе және Жамбыл облыстарында бағаның өсуі 8% құрады, Алматы және Қызылорда облыстарында ақылы қызметтер бағасы әлдеқайда төмен қарқынмен өсті (6,1%)», - деп аталып өткен Ұлттық банк хабарламасында. 

Қыркүйекте айлық ТБИ-ға азық-түлік тауарлары инфляциясының қосқан үлесі (0,10 п.т.) азық-түлікке жатпайтын тауарлар (0,13 п.т.) мен ақылы қызметтер (0,17 п.т.) инфляциясының қосқан үлесінен төменірек болды. Ет және ет өнімдеріне бағаның өсу қарқыны азық-түлік инфляциясына ең жоғары үлес қосуды жолғастыруда (0,11 п.т.), жемістер мен көкеністер бағасы 4,7%-ға арзандап, азық-түлік инфляциясына (-)0,13 п.т. шамасында кері үлес қосты.

Жалпы ел бойынша азық-түлік бағасы тамыз айындағыдай 0,1%-ға өсті. Азық-түлік тауарларының ең жоғары қымбаттау қарқыны (0,6%) Атырау облысы және Алматы мен Шымкент қалаларында орын алды, сонымен қатар Алматы, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай және Павлодар облыстарында 0,1%-0,6% шегінде азық-түлік бағасының төмендеуі байқалды.