Freedom Inside '26

«Елімай» – «Ордабасы» матчындағы дау: мәселеге Абай облысы әкімі Берік Уәли араласты

«Елімай» – «Ордабасы» матчындағы дау: мәселеге Абай облысы әкімі Берік Уәли араласты
ашық дереккөз

Семейде өткен «Елімай» — «Ордабасы» матчынан кейін қазақстандық футболда үлкен дау тұтанды. Кездесудің бас төрешісі Арман Есмұратовты Семейден оралған бойда елорда әуежайында полиция қызметкерлері қарсы алғаны туралы ақпарат пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.

Дереккөздердің мәліметінше, рефериге нақты қандай айып тағылатыны әзірге белгісіз. Жанжалдың ушығуына төрешінің алаң иелері мен команданың бас бапкеріне қарата балағат сөздер айтып, чемпионат соңына дейін клубқа «қиын өмір» сыйлайтынын айтып қоқан-лоқы көрсеткені себеп болуы мүмкін. Төрешінің бейәдеп сөздер қолданған видеосы әлеуметтік желілерде тез тарап кетті.

Жанжал неден басталды?

Есмұратовтың шешімдеріне наразылық ойынның 39-минутында, ол «Елімайдың» голын есептемеген сәтте басталды. 46-минутта бұл жағдай қайталанды, бірақ бұл жолы VAR жүйесіндегі әріптестері офсайдтың болғанын растады.

Нағыз текетірес финалдық ысқырықтан кейін орын алды. Төрешіге жақындап, наразылық білдірген «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович пен жартылай қорғаушы Жан-Әли Пайруз қызыл қағаз алып, келесі матчтан шеттетілді.

Андрей Карпович, «Елімай» ФК бас бапкері:

«Ол мені балағаттап, ауыр сөздер айтты. Өз әрекетімен біздің бүкіл облысымызды, жанкүйерлерімізді қорлады. Оның үстіне, чемпионаттың қалған бөлігінде «Елімайды» тұқыртып, менің күлімді көкке ұшыратынын айтты. Бірақ байқасын, өзінің де күлі көкке ұшуы мүмкін. Бас төреші тарапынан мұндай мәлімдемелерді есту мен үшін нағыз жабайылық».

Жанкүйерлер үні және әкімнің реакциясы

Осы оқиғадан кейін клуб жанкүйерлері Абай облысының әкімі Берік Уәлиге ресми үндеу жолдап, жағдайды жеке бақылауына алуды және төрешілер бригадасының әрекетін объективті түрде қарастыруды сұраған болатын.

Өңір басшысы бұл мәселеге жедел үн қатып, өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасады. Ол жанкүйерлердің арыз-өтініштері назардан тыс қалмайтынын және Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшылығымен сөйлескенін жеткізді.

Берік Уәли, Абай облысының әкімі:

«Кешеден бері жергілікті «Елімай» футбол клубының жанкүйерлерінен көптеген арыз-өтініштер келіп түсіп жатыр. Көтерілген мәселелердің мән-жайын жан-жақты зерделеп, әділдік пен ашықтық қағидаттарының сақталуы үшін тиісті жұмыстар жүргіземіз.

Осы мәселеге байланысты Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаровпен сөйлестім. Федерация басшысы барлық жайттың мұқият қаралатынын, арнайы комиссия құрылып, мәселе соңына дейін жеткізілетінін мәлімдеді. Әділеттілік жолындағы ұстанымымыз өзгермейді. Бұл мәселені бақылауда ұстаймыз».

Төрешінің алғашқы «ерлігі» емес

HALYQSTAN тілшісі анықтағандай, Арман Есмұратов бұған дейін де осындай даудың ортасында қалған. Бес жыл бұрын «Атырау» — «Шахтөр» матчынан кейін ол трибуна астындағы бөлмеде алаң иелерінің ойыншысы Сабит Тастанбековпен жанжалдасып, оны кеудесінен ұрған болатын.

Сол кезде Федерация жанжалды футболшының өзі бастағанын алға тартса да, Есмұратовты маусымның соңына дейін төрелік етуден шеттеткен еді.

Ендігі кезекте арнайы құрылатын комиссия мен футбол билігінің бұл жолы қандай қатал шара қолданарын уақыт көрсетеді.