Freedom Inside '26

Елге кіру жеңілдеді: Шетелдіктерге ЖСН алу оңайланды

Елге кіру жеңілдеді: Шетелдіктерге ЖСН алу оңайланды
ашық дереккөз

Қазақстан шетел азаматтарына арналған көші-қон қызметтерін цифрландыруды жаңа деңгейге шығаруға кірісті. Үкімет отырысында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов шетелдіктерге ЖСН рәсімдеу енді бұрынғыдай күрделі рәсім емес, мобильді қосымша арқылы қолжетімді болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін шетел азаматтары үшін ЖСН алу көбіне уақыт пен құжат айналымын талап ететін рәсім болса, енді бұл процесс цифрлық форматқа көшірілмек. Жаңа QazETA мобильді қосымшасы арқылы шетелдіктер көші-қон қызметтерін онлайн түрде алып, соның ішінде жеке сәйкестендіру нөмірін рәсімдей алады.

Яғни Қазақстан шекарасынан өткен сәттен бастап-ақ шетел азаматы үшін ақпараттық және әкімшілік қызметтер бір жүйеге біріктірілуі көзделіп отыр. Әуежайлар мен ірі шекара бекеттерінде берілетін QR-коды бар туристік карталар да осы цифрлық экожүйенің бір бөлігіне айналған. Онда елде болу ережелері, жедел қызметтер мен байланыс операторлары туралы мәлімет қамтылған.

Бұл қадамның астарында тек қызметті жеңілдету емес, елге келетін шетел азаматтарының есебін нақтылау, көші-қон процестерін толық цифрлық бақылауға көшіру мақсаты да бар.

Алайда жүйенің толық іске қосылуы үшін заңнамалық өзгерістер қажет. Қазір Сенат тиісті түзетулерді қарап жатыр. Сонымен қатар 2026 жылдан бастап шетелдегі Қазақстан елшіліктері мен консулдықтарында ЖСН беру тәжірибесі тоқтайды деген жоспар да бар.

Бұл өзгерістер бір жағынан бюрократияны азайтып, қызметті жеделдетуге бағытталса, екінші жағынан мемлекет үшін цифрлық бақылау мен қауіпсіздік механизмдерін күшейтудің жаңа кезеңін білдіреді.