Электрокөлік төңірегіндегі басты мифтер

Электрокөлік төңірегіндегі басты мифтер
Фото: freepik

Электрокөлік бензинмен емес, тоқпен жүретін кәдімгі көлік. Бірақ олар туралы сөз қозғалса, жағымсыз пікір де, талас та көп. TamgaMedia ең жиі айтылатын уәждерді теріп шығыпты, деп хабарлайды ult.kz.

1-миф. «Олар бензиннен де зиян, өйткені көмір жағатын ЖЭО-дан зарядталады»
Бұл мәселенің екі жағы бар. Қазірше планетаға мүлдем зиянсыз көлік жоқ. Электромобильдің өзінен түтін шықпағанымен, оны қуаттауға тоқ керек. Электр энергиясы көмірден алынса, зиян қалдық бәрібір бөлінеді, тек көліктен емес, электр станциясынан да шығады. Тіпті EPA (Қоршаған ортаны қорғау агенттігі) де мұны растайды.


Бірақ жұрттың көбі маңызды бір нәрсені ескермейді. Бензинмен жүретін мотор жанармайдың тек 16–25%-ын жағады, ал қалғаны қыздыру мен шуға кетеді. Электромотор тоқтың 87-91%-ын пайдаланады. Сондықтан тоқ лас жерден алынса да, электрокөліктер энергияны әлдеқайда үнемдеп жұмсайды.
Көлік жасап шыққаннан бастап, тозғанға дейінгі бүкіл уақытын есептесек, айырмашылық бірден көрінеді. ICCT ұйымының 2025 жылғы шілдедегі жаңа зерттеуі бойынша, Еуропада электрокөлік әр шақырымға 63 грамм CO₂ бөлсе, бензин арқылы жүретін көлік 235 граммбөледі. Бұл электрокөліктің 73% таза екенін көрсетеді. Ал оны таза жаңартылатын энергиямен қуаттаса, бұл көрсеткіш тіпті 78% жетеді.
Мынадай қызық жайт бар. Табиғаттың ластануы көлікті қай жерде емес, қай уақытта зарядтағаныңызға да байланысты. BloombergNEF есебі бойынша, Калифорнияда көлігін күндіз қуаттайтындар түнде зарядтайтындарға қарағанда екі есе аз CO₂ бөледі. Себебі күндіз күн энергиясы жұмыс істейді, ал түнде көмір жағылады. Қазақстанда электр тоғы негізінен көмірден алынған соң, бізде жағдай онша мәз емес. Бірақ көмірдің тоғымен зарядталса да, электрокөлік бәрібір тиімді. Себебі баяғы есеп өзгермейді: бензин моторы жанармайдың тек 16%-ын, ал электромотор токтың 87%-ын пайдаланады. Бұл ереже біздің елде де жұмыс істейді. 

Үкім: Электрокар бәрібір зиян деген түсінік – қате. Адамдар көбіне көліктің мұржасынан әріні байқамайды.


2-миф. «Батареяны жасау электрокөліктің экологияға пайдасын жоққа шығарады»
Шындығында, электрокарды зауыттан шығару бензинмен жүретін көлікке қарағанда табиғатқа 40% көп зиян келтіреді. Мұның себебі – батарея өндірісі. Бұл зауыттан шыққанда қоршаған ортадан алынатын белгілі бір экологиялық «қарыз» іспетті. Дегенмен көлікпен шамамен 17 000 шақырым жүргенде, бұл зиян толық ақталады.  Мұны ICCT есебі де растап отыр. Біздің елде мұндай қашықтық көбіне бір жылда, ал машинамен дүкенге ғана шығатындар ең көп дегенде екі жылда жүріп тастайды.
Пікірталаста екі жақ та ескермейтін бір жайт бар. Бензинмен жүретін көлік ескірген сайын моторы тозып, жанармайды көп жейді, осыдан табиғатты көбірек ластайды. Ал электрокөлікте бәрі керісінше. Ол тоқпен жүреді, ал біздегі электр станциялары жыл сайын көмірдің орнына күн, жел мен газды көбірек пайдалана бастайды. Көлігіңіз баяғы қалпында, бірақ розеткадағы тоқ жылдан-жылға тазара түседі. Содан 20 жылішінде екі көліктің экологиялық айырмашылығы тек ұлғая береді. 

Үкім: бірінші жылы электрокөлік шынымен де ластау көрінуі мүмкін. Бірақ ешкім көлікті бір жыл мініп, лақтырып тастамайтыны анық. Сондықтан бұл да – кезекті миф.
3-миф. «Олар тез өртенеді»
Біз көп жүргізушімен сөйлестік. Олардан электрокөлік алмауға не себеп екенін сұрағанда, ең көп естіген жауабымыз осы болды. Бұл қауесет қайдан шыққаны белгісіз. Бірақ нақты статистика бар.
AutoInsuranceEZ дерегі бойынша, 100 000 бензин көлігінің 1530-ы өртенсе, электрокөліктерде бұл көрсеткіш – 25 машина. Яғни айырмашылық 60 есе. Бір қызық факт: ең көп өртенетіні қай көлік деп ойлайсыз? Әрине, гибридтер (моторы әрі бензинмен, әрі тоқпен жұмыс істейтін көліктер). 100 000 гибридтің 3475-і өртенген. Ал Швецияда 2022 жылы 611 мың электрокардың тек 24-і өртенген (бұл – 0,004%). Бензин мен дизельді көліктерде бұл көрсеткіш 0,08% болды. 

Үкім: Бұл – орынсыз айтылып жүрген миф, себебі бензинмен жүретін көлік әлдеқайда жиі өртенеді.
4-миф. «Литий мен кобальт өндірісі өте лас, қайдағы экология?»
Бұл сөзде шындық бар, электрокөлікке қарсы ең үлкен уәж де осы. Мәселен, әлемдегі кобальт металының 70%-ға жуығы Конго елінен шығады. Оның 20-25%-ы – бақылаусыз тұрған ұсақ шахталар, тіпті онда балаларды да жұмысқа салады. Ал литий өндіретін шахталардың 65%-ы айналадағы суды бүлдіріп жатыр. Негізі, батареядан келетін бүкіл зиянның 40%-ға жуығы осы никель, марганец, кобальт пен литий сияқты металдарды шахтадан шығарып, өңдейді. Тағы 20%-ы батареяның өзін жасағанда қосылады. Демек, ең лас жұмыс машинаны зауытта жинау емес, оған дейінгі шахталар мен химзаводтарда өтеді.


Бұл жерде электрокөліктерді қолдайтындардың да уәжін тыңдау керек. Біріншіден, ICCT болжамы бойынша, 2050 жылға дейін әлемдегі бүкіл көлікке бұл металдардың тек кішкене бөлігі жұмсалады. Екіншіден, оларды жерден қазып алуға көп күш кеткенімен, бензин дайындап, оны 40 жыл бойы көлікке жаққандағы CO₂ зияны әлдеқайда көп. Шахтаның лас екені рас, бірақ бұл – басында бір-ақ рет болатын шығын, ал бензинмен жүретін көліктің түтіні күнде шығады. Үшіншіден, қазір кобальтсыз жұмыс істейтін жаңа LFP-батареяларышықты, олардан бөлінетін CO₂ де үштен бірге аз. 

Үкім: миф шындыққа жақын. Металл шығару лас жұмыс болғанымен, көлікті көп жыл мінгендіктен, бұл зиян уақыт өте білінбей кетеді.
5-миф. «Қуаты тез таусылады, алысқа бара алмайсың»
Электрокөліктер туралы ең жиі айтылатын сөз – осы. Сырттай қарағанда солай сияқты. Бірақ, шыны керек, біз күнделікті ойлағанымыздан әлдеқайда аз жол жүреді екенбіз. Мысалы, EPA ұйымының 2022 жылғы дерегінше, жолға шыққан адамдардың 73%-дан астамы 16 шақырымға да жетпеген. Ал жалпы қатынайтындардың 98%-ы 120 шақырымнан аспаған. Ал қазіргі электрокөліктің көбі бір қуаттағанда 320 шақырымнан астам жолға шыдайды.
Қарапайым өмірді елестетіп көріңізші: үй, жұмыс, баланың мектебі, дүкен мен спортзал – осының бәрі баяғы 16 шақырымнан аспайтын қысқа жолдар. Сондықтан көлікті бір рет толық зарядтап алсаңыз, ол қуат біраз күнге еркін жетеді.
Бірақ ескеретін жайт бар. Қатты суықта және пеш қосылып тұрғанда, көліктің қуаты шамамен 40% жылдам таусылады. Бұл барлық модельде емес, бірақ жиі кездеседі. Қаңтарда Астананың аязында бұл қатты байқалады – ең суық күндері көліктің жүретін жолы бірден үштен бірге қысқарып қалады. 

Үкім: қуаты қала ішінде жүруге  уайымсыз жетеді. Ал алыс жолға шығарда бәрін алдын ала жоспарлау керек.


6-миф. «Дыбысы шықпайды, демек, нағыз машина емес»
Көліктің гүрілдегені сондай маңызды ма? Әрине, мотор дауысын мақтаныш көретіндер бар. Бірақ бәрін ретімен ашып айтайық. Электрокөлік өте тыныш жүреді, өйткені жалғыз дыбыс тек дөңгелектен шығады. Онда мотордың гүрілі мүлдем жоқ, өйткені оның гүрілдейтін ештеңесі де жоқ.
Көліктің шуы тек сіздің емес, денсаулықтың да мәселесі. ДДҰ-ның айтуынша, Батыс Еуропада жолдың шуы ауаның ластануынан кейінгі ең зиян фактор болып тұр. Бұл жай ғана құлаққа жағымсыз дыбыс емес. Адам үнемі шулыжерде жүрсе, ұйқысы бұзылады, стреске түседі, қан қысымы көтеріліп, инсульт пен жүрек ауруына әкелуі мүмкін. Соның кесірінен Еуропа халқы жыл сайын жалпы есеппен 1,6 миллион жыл сау өмірінен айырылады. Бұл балаларға да зиян:олардың зейіні шашырап, сабақ үлгерімі төмендейді.