Алматыда Wildberries-тің ірі логистикалық орталығының құрылысы тоқтап қалудың алдында тұрған

Алматыда Wildberries-тің ірі логистикалық орталығының құрылысы тоқтап қалудың алдында тұрған
ашық дереккөз

Алматыда Wildberries компаниясының ірі логистикалық орталығының құрылысына қатысты дауға прокуратура араласты. Тексеру барысында нысан аумағында жүргізілген тергеу әрекеттерінің заңдылығына қатысты мәселелер анықталған, деп хабарлайды ult.kz Bes.media-ға сілтеме жасап.

Оқиға құрылыс алаңына тінту жүргізіліп, жұмыс техникалары мөрленгеннен кейін болған. Осыдан кейін инвестор өз құқықтарын қорғауды сұрап, Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетіне жүгінген.

Алматы прокуратурасының тексеруі құрылыс жұмыстарына қатысты мердігер мен қосалқы мердігер арасында туындаған коммерциялық дау болғанын көрсетті. Прокуратураның мәліметінше, мұндай мәселе азаматтық сот тәртібімен шешілуі тиіс болған.

Қылмыстық іс қозғауға негіз болмаған. Соған қарамастан іс қозғалып, кейін 2026 жылғы 2 қыркүйекте қылмыс құрамы болмағандықтан тоқтатылған.

Қазір заңсыз әрекеттерге жол берген лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралып жатыр.

Инвесторлар құқығын қорғау комитетінің прокуроры Рауан Әлмішевтің айтуынша, прокуратураның жедел араласуының арқасында инвестордың құқықтары сотқа дейінгі кезеңде қорғалып, жобаның жүзеге асуына кері әсер ететін жағдайға жол берілмеген.

«Қылмыстық-процестік шаралар бизнеске қысым жасау құралы ретінде пайдаланылмауы тиіс», – деді ол.

Қазіргі уақытта Wildberries Қазақстанда шамамен 46 мың шаршы метр қойма жалға алып отыр.

Компания Астана мен Алматы маңында екі ірі логистикалық кешен салып жатыр. Алматы маңындағы орталықтың аумағы 103 мың шаршы метрді құрайды. Нысанды 2026 жылдың соңында іске қосу жоспарланған.

Бұл жобалар пайдалануға берілгеннен кейін Wildberries-тің Қазақстандағы жалпы қойма инфрақұрылымының көлемі 316 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды.