Алматы мен Астана Oxford Economics ұйымы әзірлеген Global Cities Index 2026 рейтингінде әлемнің үздік 300 қаласының қатарына кірді. Тізімге барлығы 1000 қала енгізілген, деп хабарлайды ult.kz.
Рейтинг қорытындысы бойынша Алматы 265-орынға, ал Астана 281-орынға тұрақтады. Осылайша, Қазақстанның екі ірі қаласы жалпы тізімнің алғашқы үштен бір бөлігіне енді.
Орталық Азия қалалары арасында Алматы мен Астана жоғары көрсеткіш көрсетті. Салыстыру үшін, Тбилиси 287-орынға, Киев 304-орынға, Мәскеу 313-орынға, Баку 323-орынға, Санкт-Петербург 454-орынға, ал Бішкек 461-орынға орналасты.
Қазақстандық мегаполистер әсіресе адами капитал көрсеткіші бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Бұл санатта Алматы 66-орынға, Астана 98-орынға ие болды.
Адами капиталды бағалау кезінде кадрлық әлеует, білім мен дағды деңгейі, еңбек нарығы және қаланың білікті мамандарды тарту әрі ұстап қалу мүмкіндігі ескеріледі.
Экономикалық көрсеткіш бойынша Астана 264-орынға, Алматы 288-орынға жайғасты.
Global Cities Index рейтингінде экономика мен адами капиталдан бөлек, өмір сүру сапасы, қоршаған ортаның жағдайы және басқару жүйесі де бағаланады. Осы бес бағыт бойынша алынған нәтижелер қалалардың жалпы орнын анықтайды.
2026 жылғы рейтингтің алғашқы үштігіне Нью-Йорк, Лондон және Париж кірді. Oxford Economics мәліметінше, алғашқы жүздіктегі қалалардың басым бөлігі Еуропа мен Солтүстік Америкада орналасқан.