Елде бүгін аптап ыстық күшейеді: бірқатар өңірде 44 градусқа дейін жетеді

Елде бүгін аптап ыстық күшейеді: бірқатар өңірде 44 градусқа дейін жетеді
Фото: freepik

14 тамызда Қазақстанның бірқатар өңірінде аптап ыстық сақталады. «Қазгидромет» мәліметінше, кей жерлерде ауа температурасы 40-44 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды ult.kz.

Ең жоғары температура Түркістан облысында күтіледі. Күндіз өңірде ауа 40-44 градусқа дейін ысиды. Шымкентте де 40-42 градус қатты ыстық болжанып отыр. Бұл өңірлерде төтенше өрт қаупі сақталады.

Алматы облысының солтүстігінде, Жетісу облысының солтүстігі мен шығысында күндіз 40-41 градусқа дейін өте қатты ыстық болады. Алматы облысында ауа температурасы 35-39 градусқа жетіп, облыстың батысы мен солтүстігінде төтенше өрт қаупі, басқа аумақтарда жоғары өрт қаупі сақталады.

Қарағанды және Ұлытау облыстарында күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа дейін көтеріледі. Қарағанды облысының батысы, шығысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ Ұлытау облысында төтенше өрт қаупі сақталады.

Абай облысында күндіз 35-38 градус ыстық болады. Өңірдің оңтүстігінде 40-41 градусқа дейін өте қатты ыстық күтіледі. Облыстың оңтүстігі мен орталығында төтенше өрт қаупі сақталады.

Қызылорда облысында ауа температурасы 40-41 градусқа дейін көтеріліп, өңір бойынша төтенше өрт қаупі сақталады. Жамбыл облысында 38-40 градус, Маңғыстау облысының оңтүстігінде 38 градусқа дейін ыстық болады.

Сонымен қатар кей өңірлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында жел күшейіп, кей жерлерде оның екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетуі мүмкін.

Астанада 14 тамызда оңтүстік-шығыстан жел соғып, күндіз оның екпіні секундына 15 метрге дейін күшейеді. Қалада жоғары өрт қаупі сақталады.

Алматыда күндіз 35-37 градус қатты ыстық күтіледі. Қалада жоғары өрт қаупі болжанып отыр.

Мамандар алдағы күндері ыстық ауа райы мен өрт қаупіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді. Әсіресе табиғи аумақтарда өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау маңызды.