Екібастұз қаласында тұрғын үйдің ауласында жеңіл автокөлік алты жастағы баланы қағып, салдарынан бала қаза тапты. Жол-көлік оқиғасы болғанын Павлодар облысының Полиция департаменті растады, деп хабарлайды ult.kz.
Полицияның мәліметінше, кәмелетке толмаған баланың өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері тергеу барысында анықталып жатыр.
Полиция департаменті мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін жол қозғалысына қатысушылардың жол қозғалысы ережелерін және белгіленген жылдамдық режимін қатаң сақтауы маңызды екенін еске салды. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде жүргізушілер аса мұқият болуы қажет.
Қаза болған баланың туыстарының айтуынша, жол-көлік оқиғасы 19 қыркүйек күні сағат 18:30 шамасында болған. Олардың мәліметінше, көлікті қыз бала жүргізген. Ол аулада көліктің жылдамдығын бәсеңдетуге арналған «жасанды жол кедергісі» болғанына қарамастан, жоғары жылдамдықпен қозғалған.
Қазіргі уақытта көлік жүргізген қыз ұсталған. Оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Полиция жол-көлік оқиғасының нақты себептері мен барлық мән-жайы тергеу нәтижесінде анықталатынын хабарлады.