Екібастұзда гараждан есірткі зертханасы шықты: ағайынды екі азамат ұсталды

Екібастұзда гараждан есірткі зертханасы шықты: ағайынды екі азамат ұсталды
Polisia.kz

Павлодар облысының Екібастұз қаласында синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана әшкереленді. Полиция гаражда ірі көлемде «синтетика» өндірісін жолға қойған ағайынды екі тұрғынды ұстады, деп хабарлайды ult.kz.

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, арнайы жедел-тергеу іс-шаралары барысында тұрғын үй ауласындағы гараждан синтетикалық есірткі өндіруге арналған толық жабдықталған зертхана анықталған.

Тінту кезінде 10 келіден астам альфа-PVP психотроптық заты, 860 литр химиялық сұйықтық, оның ішінде 300 литрлік реактор-сыйымдылық, зертханалық ыдыстар, таразылар мен жеке қорғаныс құралдары тәркіленді.

Тергеу барысында күдіктілердің әрекетін «Signal» мессенджері арқылы байланысқан куратор үйлестіріп отырғаны анықталған. Ол есірткі өндірудің барлық кезеңін бақылап, прекурсорлар салынған жасырын орындардың мекенжайларын беріп отырған.

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 297-1-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазір құқық қорғау органдары прекурсорларды жеткізу арналары мен есірткі өндірісін ұйымдастыруға қатысы болуы мүмкін басқа да адамдарды анықтап жатыр.

Ішкі істер министрлігі есірткі өндіруге бағытталған кез келген әрекет қатаң түрде тоқтатылатынын мәлімдеді. Іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.