Джибути жағалауында қайық апатқа ұшырап, 139 мигрант қаза тапты

Джибути жағалауында қайық апатқа ұшырап, 139 мигрант қаза тапты
x.com/HinaZafar638021

Джибутиден Йеменге бет алған, бортында 305 адам болған қайық суға батып, кемінде 139 мигрант қаза тапты. Тағы 84 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды ult.kz.

Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) мәліметінше, қайғылы оқиға 8 қазаннан 9 қазанға қараған түні Джибути жағалауындағы Обок қаласының солтүстігінде, Гехере ауданында болған.

Халықаралық көші-қон ұйымы бұл апатты Шығыс көші-қон бағыты бойынша болған ең ірі қайғылы оқиғалардың бірі деп атады.

Ұйымның бас директоры Эми Поуп мигранттардың қауіпті сапарға шығуына қауіпсіз баламалардың жетіспеуі себеп болуы мүмкін екенін атап өтіп, мемлекеттерді адам өмірін сақтап қалу үшін заңды әрі қауіпсіз көші-қон жолдарын дамытуға шақырды.

Қазір Джибути билігі іздеу-құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Ал Халықаралық көші-қон ұйымы Обоктағы көмек көрсету орталығында зардап шеккендерге медициналық және психологиялық қолдау көрсетіп, тамақ, баспана және өзге де қажетті көмектер ұсынып отыр.