Шығыс Қазақстан тұрғындары денсаулығына көңіл бөліп, уақыт үнемдеп, тамақ дайындауды кәсіби мамандарға сеніп тапсырмақ болған. Олар жеке кәсіпкермен дұрыс тамақтану рационын жеткізу туралы келісімшарттар жасап, адал клиенттер ретінде қызмет ақысын толықтай алдын ала төлеген. Алайда кәсіпкер тамақты жеткізуді себепсіз тоқтатқан, деп хабарлайды ult.kz.
Уәде етілген рациондар жеткізілмесе де, тұтынушылардың төлеп қойған ақшасын кәсіпкер қайтаруға асықпаған. Біреуге бұл сома аса үлкен болып көрінбеуі мүмкін. Бірақ жапа шеккен адамдардың саны көбейгенде, мәселе жекелеген тұрмыстық дау емес, тұтынушылардың құқықтарын жаппай бұзуға фактісіне ұласады.
Өңір тұрғындары көмек сұрап, жаппай ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінді. Нәтижесінде бұл оқиғаға бір ғана наразы клиент емес, дәл осындай жағдайға тап болған бірден 21 тұтынушы қатысты.
Департамент тұтынушылардың мүддесін қорғауға кірісті. Алдымен мәселені сотқа жеткізбей шешуге әрекет жасалған. Тұтынушылар кәсіпкердің өзіне тікелей жүгініп, Департамент кәсіпкерлік субъектісіне сотқа дейінгі талап та жолдады. Алайда бұл өтініштер де, ақшаны қайтару туралы талаптар да нәтиже бермеді. Осыдан кейін іс сотқа жетті.
Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы азаматтардың қызметтердің тиісті сапасын талап етуге құқылы екенін тікелей қарастырады. Ал қызмет тиісті деңгейде көрсетілмеген немесе орындаушы өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда, тұтынушы шартты бұзып, төлеген ақшасын қайтаруды талап ете алады. Сонымен қатар заңнама уәкілетті органға бірдей құқық бұзушылық оннан астам адамның құқықтарына қатысты болған жағдайда, тұтынушылардың белгісіз тобының құқықтарын қорғау үшін сотқа жүгінуге мүмкіндік береді. Бұл жағдайда олардың саны 21 адам болды.
Департамент зардап шеккен клиенттердің құқықтарын қорғауды және көрсетілмеген қызметтер үшін ақшаларын қайтаруды талап етіп, Өскемен қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотына ұжымдық талап-арыз берді. 2026 жылдың 16 шілдесінде сот Департаменттің талап-арызын қанағаттандырып, бұл іске нүкте қойды.
Енді кәсіпкер 21 тұтынушыға көрсетілмеген қызметтердің ақшасын ғана емес, талаптарды орындау мерзімін бұзғаны үшін тұрақсыздық айыбын да төлеуге міндетті.
Негізгі материалдық залал 3 055 138 теңгені құрады, тағы 611 028 теңге тұрақсыздық айыбы ретінде өндірілді.