Алматы облысында «Менің таңдауым — заң және қаржылық қауіпсіздік» атты профилактикалық форум өтті. Іс-шараға 500-ден астам оқушы қатысып, құқық бұзушылықтың алдын алу, қаржылық сауаттылықты арттыру және жастар арасындағы заманауи қауіптерді талқылады, деп хабарлайды ult.kz.
Форумды Алматы облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті ұйымдастырды. Іс-шараның негізгі мақсаты — жастар арасында заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, қаржылық қауіпсіздік туралы түсінікті кеңейту және жауапты шешім қабылдауға бағыттау.
Іс-шара барысында оқушылар қаржылық сауаттылық пен құқық бұзушылықтардың алдын алуға арналған өз жобаларын таныстырды. Сонымен қатар қатысушылар тоғызқұмалақ ойнап, ұлттық ойын арқылы логикалық ойлау қабілеттерін дамытуға мүмкіндік алды.
Форумда жасөспірімдер үшін өзекті бірнеше мәселе көтерілді. Атап айтқанда, мамандар дропперлік, лудомания және вейптердің таралуы сияқты қауіптер туралы ақпарат берді. Оқушыларға қаржылық операцияларға қатысуда сақ болу, күмәнді ұсыныстардан бас тарту және заң талаптарын сақтау қажеттігі түсіндірілді.
Форумның қорытынды бөлімінде заңсыз ойын автоматтарының, дропперлік карталар мен вейптердің макеттерін жоюға арналған символикалық акция ұйымдастырылды. Акция арқылы қатысушылар заңсыз әрекеттер мен зиянды әдеттерден бас тартудың маңызын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға, сондай-ақ заманауи қауіптердің алдын алуға бағытталған.
Форумның негізгі идеясы - әр адамның өз таңдауына жауапкершілікпен қарауы. Заңды сақтау, қаржылық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және зиянды әдеттерден аулақ болу, жастардың қауіпсіз әрі жауапты болашағын қалыптастыру.