Қазақстанда дропперлік схемаларға қарсы күрес күшейіп келеді. Алайда құқық қорғау органдары мұндай қылмыстық топтардың әрекеті барған сайын қатыгез сипат алып бара жатқанын мәлімдеді. Кейбір ұйымдастырушылар банктік шоттарға қайта қол жеткізу үшін адам ұрлауға дейін барған, деп хабарлайды ult.kz.
Жыл басынан бері Қаржылық мониторинг агенттігі ақшаны жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметін тоқтатты. Тергеу барысында қылмыстық схемаларды ұйымдастырған 40-тан астам адам анықталып, заңсыз әрекетке 500-ден аса азаматтың тартылғаны белгілі болды. Дропперлердің банктік шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз қаржы айналымы жүргізілген.
Дроппер – алаяқтық жолмен алынған қаражатты аудару, қолма-қол ақшаға айналдыру немесе жасыру үшін пайдаланылатын тұлға. Әдетте оның атына банктік шоттар мен төлем карталары рәсімделіп, қылмыстық жолмен алынған қаржы солар арқылы өткізіледі.
Ведомствоның мәліметінше, соңғы екі айдың өзінде мыңнан астам дроп-карта бұғатталған.
Батыс Қазақстан облысында Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері интернет-алаяқтықтан түскен қаржыны заңдастырған халықаралық дропперлік желінің жолын кесті. Тергеу барысында бұғатталған шоттар арқылы шамамен 17 миллион теңге өткізілгені анықталды.
Ең сорақысы – ұйымдасқан топ мүшелері банктік шоттың иесі болған 18 жастағы азаматты күштеп ұстап, күш қолданамыз деп қорқытып, оның банктік шоттарына қолжетімділікті қайта қалпына келтіруге мәжбүрлеген.
Осыған ұқсас қылмыстық схема Жетісу облысында да әшкереленді. Әлеуметтік желідегі жұмыс туралы хабарландыруға сенген жергілікті тұрғын кураторлардың тапсырмасымен интернет-алаяқтықтан түскен қаражатты өз шоттары арқылы қабылдап отырған. Кейін ол ақшаны криптовалютаға айырбастап, ұйымдастырушылар көрсеткен әмияндарға аударып, әр операциядан комиссия алып келген.
Ал Түркістан облысында дропперлік схема Telegram мессенджеріндегі жасырын куратор арқылы басқарылған. Ол студенттер мен кәмелетке толмағандарға сыйақы ұсынып, интернет-банкингке қолжетімділікті беруге үгіттеген. Соның салдарынан 20-дан астам адам қылмыстық іс бойынша тергеуге тартылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарды бөтен адамдарға банк карталарын, шоттарын немесе интернет-банкингке қолжетімділікті бермеуге шақырды. Ведомство мұндай әрекеттердің қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.