Ұлытау облысында қылмыстық іс бойынша оң шешім шығаруға ықпал етпек болған кәсіпорын директоры пара беру кезінде қолға түсті, деп хабарлайды ult.kz.
Polisia.kz мәліметінше, алаяқтық дерегі бойынша тергеліп жатқан қылмыстық іс аясында күдікті тергеушіге ақшалай сыйақы ұсынып, істің өз пайдасына шешілуіне ықпал етуді көздеген.
Алайда тергеуші заңсыз ұсыныс туралы бірден облыстық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасына хабарлаған. Жедел іс-шара барысында күдікті ақшаны беру кезінде қылмыс үстінде ұсталып, пара ретінде ұсынылған қаражат тәркіленді.
Кәсіпорын директоры уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жария етілмейді.
Полиция азаматтарға пара беру де қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын еске салып, мұндай әрекет үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылғанын атап өтті.