2 млрд теңгенің темір рудасын заңсыз өндірген: Қарағандыда үш адам сотталды

2 млрд теңгенің темір рудасын заңсыз өндірген: Қарағандыда үш адам сотталды
ПД баспасөз қызметі

Қарағанды облысында темір рудасын лицензиясыз өндіріп, шетелге заңсыз экспорттағандарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ult.kz.

Бас прокуратура мәліметінше, облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының қадағалау барысында өңірдегі кәсіпорындардың бірі төрт жыл бойы темір рудасын заңсыз өндіріп келгені анықталған. Тергеу мәліметінше, өндірілген пайдалы қазбалар кейін шетелге шығарылып отырған.

Заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 2 миллиард теңгеден асты.

Тергеу барысында іс бойынша күдікке ілінген үш адам қамауға алынып, олардың жалпы құны 360 миллион теңгеден асатын мүлкіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс бойынша мемлекеттік айыптауды прокуратура қолдады. Нәтижесінде Қарағанды облысының Шет аудандық соты үш айыпталушыны жер қойнауын заңсыз пайдаланғаны үшін кінәлі деп танып, оларды әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.