Түркістан облысының тумасы Әброржон Тұрсынов әлеуметтік желідегі Threads парақшасында өзін әскерде командирі зорлады деген жалған мәлімдеме жариялаған. Жазба қоғамда үлкен резонанс туғызып, оған жанашырлық танытқан азаматтар емделуге қаржылай көмек те жіберген, деп хабарлайды Ult.kz.
Алайда кейін Астана қаласының полиция қызметкерлері жазба авторын анықтады. Тергеу барысында ол жариялаған оқиғаның шындыққа жанаспайтынын мойындап, мұның барлығын қаржылай көмек жинау мақсатында ойдан шығарғанын айтқан.
Соттың мәліметінше, ер адам алаяқтық жасап, көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға әлеуметтік желіде қызу талқыланып, көпшілік жалған ақпарат тарату мен халықтың сенімін пайдаланып ақша жинаудың заң алдында жауапкершілікке әкелетінін атап өтті.