«Диплом емес, көшірме»: сахнада құжат жыртқан түлек дауға нүкте қойды

«Диплом емес, көшірме»: сахнада құжат жыртқан түлек дауға нүкте қойды
Видеодан скриншот

Диплом тапсыру рәсімі кезінде құжатты жұрт алдында жыртып тастаған студенттің әрекеті әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды. Оқиғаға қатысты ICB колледжі ресми мәлімдеме жасап, түлектің түсініктемесін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Студент көпшіліктің сынына себеп болған әрекеті үшін ұстаздарынан және білім беру ұйымдарынан кешірім сұраған.

«Әлеуметтік желілерде таралған видео үшін мұғалімдерімнен, білім беру ұйымдарынан кешірім сұраймын», – делінген мәлімдемеде.

Түлек дипломның түпнұсқасына зақым келмегенін түсіндірді. Оның айтуынша, сахнада жыртылған құжат — алдын ала дайындалған көшірме ғана.

«Дипломның түпнұсқасы жыртылған жоқ. Алдын ала дайындап әкелген көк қағазды жырттым. Бұл әрекетіммен ешкімді ренжіткім немесе білімнің қадірін түсіргім келген жоқ. Қоғамда мұндай пікір қалыптасады деп ойламадым», – деді студент.

Ол болған жағдайға өкініш білдіріп, мұндай әрекетті енді қайталамайтынын жеткізді.

Оқиғаға дейін әлеуметтік желіде тараған видеода түлектің сахнаға шығып, диплом алғаннан кейін оны көпшіліктің көзінше жыртып жатқан сәті көрсетілген еді. Бейнежазба қысқа уақытта тарап, қоғамда қызу пікірталас туғызды.

Көптеген қолданушылар студенттің қылығын білімге, оқытушылардың еңбегіне және оқу орнына деген құрметсіздік деп бағалады. Кейбіреулер оның әрекетіне бірден баға бермей, мұндай қадамға не себеп болғанын анықтау керек екенін айтты.

Ал кейбір желі қолданушылары видеода жыртылған зат дипломның өзі емес, тек мұқабасы немесе көшірме болуы мүмкін екенін болжады. Дегенмен, бірқатар пікір қалдырушылар бұл әрекетті назар аударуға бағытталған қадам деп сынады.

Колледж мәлімдемеден кейін әлеуметтік желідегі пікір жазу мүмкіндігін шектеді.