Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Димаш Құдайбергеннің әкесі Қанат Айтбаев мектептердегі «Қазақ тілі» пәнін «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл сабағы» деп атауды ұсынды. Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Қанат Айтбаевтың пікірінше, пәннің атауын осылай өзгерту арқылы оқушылардың санасына қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі маңызын мектеп қабырғасынан бастап сіңіруге болады.
«Бұлай атау – мектеп қабырғасынан бастап қазақ тілінің мемлекеттік тіл екендігін, оның аса маңыздылығын күнделікті өскелең ұрпақтың санасына сіңіреді», – деп жазды ол.
Сондай-ақ ол мемлекеттік тіл сабағына немқұрайлы қарау, сабаққа дұрыс қатыспау немесе төмен баға алу мәселесіне назар аударды. Оның пікірінше, қазақ тіліне құрметпен қарау оқушының жауапкершілігінен де көрінуі керек.
Қанат Айтбаев мемлекеттік тілден емтиханда алған баға жоғары оқу орнына түсу кезінде ескерілетін маңызды көрсеткіштердің бірі болуға тиіс деп санайды.
Ол бұл бастама балалардың қазақ тіліне деген құрметін арттырып, мемлекеттік тілдің маңызын терең түсінуіне ықпал етеді деп есептейді.