Әнші Димаш Құдайберген жас өнерпаз Садраддиннің Алматыда өткен жеке концертін жоғары бағалап, оның анасы Айгүл Есқараға жылы лебізін білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Димаш Құдайберген концерттен үзінділерді көргенін айтып, өнердегі інісінің жетістігіне қуанғанын жеткізген. Ол Садраддиннің шығармашылық жолы сәтті болып, алдағы уақытта талай биікті бағындыруына тілектестік білдірді.
Сондай-ақ әнші Садраддиннің жетістігіне қуанып отырған анасының көңіл күйі өзіне де ерекше әсер еткенін атап өткен. Димаш Айгүл Есқараның баласының әрбір жетістігіне осылай қуанып, ұзақ жылдар бойы сүйініп жүруіне тілектестік білдірді.
Өнер иесі шетелдегі дайындықтарына байланысты Алматыдағы концертке қатыса алмағанын да түсіндірген. Оның сөзінше, егер сол кезде елде болғанда, Садраддинге міндетті түрде қолдау көрсетуге барар еді.
Димаш жас әншінің болашағына үлкен сенім білдіріп, оның алдағы уақытта халықаралық деңгейге шығып, әлемнің ірі сахналарында өнер көрсетіп, стадиондарға көрермен жинайтын күнге жетуін тіледі.
Садраддиннің анасы Айгүл Есқара да Димаш Құдайбергеннің ұлына білдірген ықыласына ризашылығын жеткізді. Ол әлемдік сахнада Қазақстанның атын танытып жүрген Димаштың жылы сөзі өздері үшін ерекше маңызды екенін атап өткен.
Айгүл Есқараның айтуынша, өнер адамдарының бір-бірінің жетістігіне қуанып, қолдау көрсетуі маңызды. Ол қазақ өнерпаздарының өскенін, жетістікке жеткенін қалайтынын айтып, біреудің жолын кесуге немесе аяқтан шалуға тырысуды құптамайтынын білдірді.
Сондай-ақ әншінің анасы Димаштың Садраддиннің шығармашылығына бұрыннан қолдау көрсетіп келе жатқанын айтқан. Оның сөзінше, Димаш әрбір қуанышты сәтте жылы ықыласын білдіріп, жас әріптесіне үнемі қолдау көрсетеді.
Айта кетейік, Садраддин Болаттың Алматыдағы концертінде киген футуристік костюмі әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
Димаш Құдайберген кім?
Димаш Құдайберген - қазақстандық әнші, композитор және мультиаспапшы. Толық аты-жөні — Дінмұхаммед Қанатұлы Құдайберген. Ол 1994 жылғы 24 мамырда Ақтөбе қаласында дүниеге келген. Димаш бала кезінен музыкамен айналысып, кәсіби музыкалық білім алған.

Өнерпаз кең вокалдық диапазонымен және классикалық музыка, эстрада, рок, халық музыкасы секілді түрлі жанрларды біріктіре орындауымен танымал. Оның репертуарында қазақ тіліндегі шығармалармен қатар бірнеше шет тіліндегі әндер де бар.
Димаштың халықаралық деңгейдегі танымалдығы әсіресе 2017 жылы Қытайдағы «Singer» музыкалық жобасына қатысқаннан кейін арта түсті. Кейін ол әлемнің түрлі елдерінде жеке концерттер өткізіп, Қазақстан мәдениетін халықаралық сахнада танытып келеді.
2023 жылы Димаш Құдайбергенге Қазақстанның Халық әртісі атағы берілді. Ал 2024 жылы ол Халықаралық көші-қон ұйымының (IOM) Ізгі ниет елшісі болып тағайындалды.
Димаштың ата-анасы да өнер саласының өкілдері: әкесі — Қанат Айтбаев, анасы — әнші Светлана Айтбаева. Бүгінде Димаш Құдайберген әлемдік сахнада өнер көрсетіп жүрген ең танымал қазақстандық орындаушылардың бірі.