Мәжіліс депутаты Данабек Исабек Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға депутаттық сауал жолдап, қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контент тапшылығы ұлттық қауіпсіздік пен идеология мәселесіне айналғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Депутаттың айтуынша, бүгінде балалар мен жасөспірімдердің дүниетанымына мектептен бұрын әлеуметтік желілер мен цифрлық платформалар ықпал етіп отыр. Әсіресе жазғы демалыс кезінде олардың интернетте өткізетін уақыты бірнеше есе артып, түрлі алгоритмдер ұсынатын бақылаусыз контенттің әсеріне түседі.
«Бұл енді жай ғана мәдени мәселе емес. Бұл – ұлттық қауіпсіздік, идеология және келешек ұрпақтың дүниетанымы мәселесі», – деді депутат.
Оның пікірінше, дәл балалық шақта адамның ойлау жүйесі, мінез-құлқы, тілдік ортасы мен құндылықтары қалыптасады. Алайда қазіргі таңда қазақ тіліндегі балалар контенті, анимациялық жобалар, ғылыми-ағартушылық бағдарламалар мен тәрбиелік медиажобалар жаһандық цифрлық платформалардағы ақпарат ағынымен бәсекелесе алмай отыр.
Депутат мұның салдары ретінде клиптік ойлау жүйесінің күшеюін, ұлттық мәдени кодтың әлсіреуін және шетелдік мәдени ықпалдың артуын атады.
Сауалда әлемнің бірқатар елдері цифрлық кеңістікті ұлттық идеологияны ілгерілетудің маңызды құралы ретінде пайдаланып отырғаны айтылған. Мәселен, Оңтүстік Корея мәдени контент арқылы жаһандық ықпалын күшейтсе, Қытай балаларға арналған цифрлық платформаларды қатаң реттейді. Ал Франция мен Германия ұлттық тілдегі медиаконтентті мемлекеттік деңгейде қорғап келеді.
Осыған байланысты Данабек Исабек Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы цифрлық контентті дамыту жөніндегі ұлттық стратегия қабылдау, жазғы каникул кезеңінде интернет қауіпсіздігі бойынша профилактикалық және ағартушылық шараларды күшейту, балалар психологиясына теріс әсер ететін контентті шектеудің құқықтық және техникалық тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ қазақ тіліндегі анимация, балалар киносы және ғылыми-ағартушылық медиажобаларды қаржыландыру көлемін арттыру мәселелерін көтерді.
Депутаттың пікірінше, қазіргі ақпараттық дәуірде мемлекеттің шекарасы тек аумақпен ғана емес, ақпараттық кеңістік арқылы да қорғалуы тиіс. Сондықтан қазақ тіліндегі сапалы цифрлық ортаны қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы қажет.