«Әділет» партиясы фракциясының депутаты Дана Медеуова Премьер-министр Олжас Бектенов пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға депутаттық жолдау жасап, медицина қызметкерлерінің кәсіби мәртебесі мен құқықтарын күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды ult.kz.
Депутаттың айтуынша, медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру мен кәсіби беделін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болуы керек.
Ол пандемия денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы медициналық жабдық пен дәрі-дәрмекке ғана емес, ең алдымен білікті медициналық кадрларға байланысты екенін көрсеткенін атап өтті.
«Дәрігердің мәртебесін тек әлеуметтік әділеттілік аясында қарастырмауымыз керек. Дәрігердің мәртебесі – биологиялық және ұлттық қауіпсіздік мәселесі», – деді Дана Медеуова.
Депутат медицина саласындағы бірнеше мәселені атап өтті.
Біріншіден, дәрігерлердің еңбекақы жүйесін икемді ету қажет. Оның пікірінше, жалақы дәрігердің біліктілігін ескеріп есептелуі керек. Сонымен қатар медицина қызметкерлерін кәсібіне қатысы жоқ бюрократиялық жұмыстардан босату қажет.
Екіншіден, «дәрігер» және «врач» атауларын заңмен қорғау ұсынылды. Депутат бұл атаулардың артында медициналық білім, расталған біліктілік және кәсіби қызметпен айналысу құқығы тұруы керек деп санайды.
Үшіншіден, кадр тапшылығын объективті бағалау қажет. Дана Медеуова жаңа мамандарды тартумен қатар, денсаулық сақтау жүйесінде қазір жұмыс істеп жүрген дәрігерлерді ұстап қалуға да жағдай жасау керегін айтты.
Төртіншіден, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төнген жағдайда дәрігерлердің жедел әрі дербес әрекет етуіне мүмкіндік болуы керек. Ол үшін медицина қызметкерлерінің өкілеттігі нақты белгіленіп, кәсіби шешімдері құқықтық тұрғыдан қорғалуы қажет.
Осы мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін депутат «Медициналық қызметкерлердің кәсіби мәртебесі және қызметіне кепілдіктер туралы» заң жобасын әзірлеуді бастамақ.
Дана Медеуова пандемияның басты сабақтарының бірі медициналық кадрлардың маңызын көрсеткенін айтты.
«Білікті дәрігерлерді даярлауға он жыл көлемінде уақыт қажет. Ал дайын дәрігерді осал жүйе бір күннің ішінде жоқ қылуы мүмкін», – деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттің міндеті – дәрігерлердің төмен жалақы немесе жүйедегі мәселелер салдарынан мамандығын тастап кетпеуіне және халық игілігі үшін еңбек етуіне жағдай жасау.