Әлеуметтік желілерде тарихи тақырыптағы күмәнді және бұрмаланған ақпарат тез таралады. Оған дер кезінде кәсіби жауап беріп, нақты дерек ұсынатын жүйелі тетік қажет, деп есептейді «Әділет» Фракциясының депутаты Шолпан Каринова. Ол бұл туралы Құрылтай отырысында айтты, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша бүгінде тарихи сана тек оқулық пен ғылыми еңбектер арқылы қалыптаспайды. Әлеуметтік желі мен цифрлық платформаның ықпалы артып келеді. Әсіресе жастар TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформалардан ақпаратты көп алады. Сондықтан Қазақстан тарихы туралы қандай ақпарат тарайды, оның дереккөзі қандай және ол қоғамға қалай жеткізіледі деген сұрақтың маңызы артып келеді.
"Халықпен кездесулер кезінде елде атқарылып жатқан көптеген маңызды жұмыстарды азаматтардың толық біле бермейтініне көз жеткіздік.
Мәселе жұмыстың жоқтығында емес. Мәселе – оның мәні мен нәтижесін халыққа түсінікті тілде жеткізуде.
Сондықтан ақпаратты жай жариялау жеткіліксіз. Оны түсіндіру де маңызды. Азаматқа реформаның мақсатын, оның нәтижесін және қоғамға әсерін түсіндіретін журналистика қажет.
Мемлекеттік ақпараттық саясат та осы бағытқа басымдық беруі керек. Ол тек мемлекеттік бастамаларды жариялаумен шектелмеуі тиіс.
Ақпараттық саясат тарихи сананы қалыптастыруға, ұлттық құндылықты дәріптеуге және елдегі өзгерісті дұрыс түсіндіруге қызмет етуі қажет.
Бұл әсіресе жастар үшін маңызды. Өйткені бүгінгі ақпарат ертеңгі қоғамдық көзқарасқа әсер етеді", – деді ол.
Осыған байланысты депутат Үкіметке келесі сауалдарды жолдады:
1. Ұлттық тарихи сананы мемлекеттік ақпараттық саясаттың басым бағытының бірі ретінде айқындауды;
2. Қазақстан тарихына қатысты контенттің ғылыми негізділігі мен деректілігін қамтамасыз ететін жүйе қалыптастыруды;
3. Тарихи жад пен ұлттық құндылықтарды дәріптейтін заманауи медиа-жобаларды қолдауды;
4. TikTok, Instagram, YouTube сияқты платформаларда Қазақстан тарихын заманауи әрі түсінікті форматта насихаттайтын жобаларды іске асыруды;
5. Тарихқа қатысты жалған және бұрмаланған ақпаратқа жедел жауап беретін тиімді тетік қалыптастыруды сұраймыз.