Әлеуметтік желілерде Алматы тұрғындарына шабуыл жасап, кейін елден депортацияланған жасөспірім қыздарға ұқсас топтың Астанада жүргені түсірілген видео қызу талқыланды, деп хабарлайды ult.kz.
Видеода қоғамдық көлікте отырған жасөспірімдер бейнеленген. Олардың бірі өзін видеоға түсіріп жатқанын байқап, жазбаны өшіруді талап етеді. Видео авторы кадрдағы қыздардың бұған дейін Алматыда қоғамның наразылығын тудырған жасөспірімдерге ұқсайтынын айтқан.
Желі қолданушылары қыздарды бірден танығанын жазып, олардың қалайша елге қайта кіргеніне қатысты сұрақтар қойды. Пікір қалдырушылардың бір бөлігі құқық қорғау органдарынан түсініктеме талап етті.
Алайда Алматы қалалық полиция департаменті тараған ақпаратты тексеріп, видеодағы жазбаның ескі екенін мәлімдеді.
«Аталған бейнежазба бойынша тексеріс жүргізілді. Нәтижесінде оның 2024 жылы түсірілген ескі видео екені анықталды», – деп хабарлады ведомство.
Полиция өкілдері бұған дейін аталған жасөспірімдерге қатысты сот шешімі шыққанын және сол шешім негізінде олардың Қазақстан аумағынан депортацияланғанын еске салды.
Еске салсақ, өткен жылы Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағы аумағында бір топ жасөспірім қыздың агрессивті әрекеті қоғамда үлкен резонанс тудырған еді. Әлеуметтік желілерде тараған видеоларда олардың тұрғындарға тиісіп, заттарын тартып алып, тас лақтырып, күш қолданғаны көрінген. Кейін полиция бұл қыздардың Тәжікстан азаматтары екенін анықтаған болатын.