Демалыс күндеріндегі карантин науқастар санын азайтуға ықпал етті –Көлгінов

Демалыс күндеріндегі карантин науқастар санын азайтуға ықпал етті –Көлгінов

Елордада демалыс күндеріне енгізілген екі карантин жедел жәрдемге хабарласушылар санын азайтты. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«22-28 маусым күндері Нұр-Сұлтан қаласының жедел жәрдем стансасына өте көп адам хабарласты. Бұрындары тәулігіне 2-2,5 мың қоңырау қабылданса, бұл күндері 4 300-ден астам адам хабарласқан. Демалыс күндеріне енгізілген екі карантиннен соң бұл сандар айтарлықтай төмендеді. Қазір де үшінші тәулік карантин режимінде жұмыс істеп жатырмыз, жедел жәрдем стансасына хабарласушылар саны азайып, қайтадан 2 090 қоңырауға дейін түсті. Біз азаматтардың жағдайды саналы түрде түсінгенін көріп отырмыз. Бұл өзіңіз бен жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға, дәрігерлердің жүктемесін азайтуға септігін тигізеді», - деді қала әкімі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Әкімнің айтуынша, жедел жәрдем стансаларында 110 бригада болса, қазір олардың саны 150-ге жеткен.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда коронавирус инфекциясын жұқтырған 61 адам қайтыс болды. Сонымен бірге, елорда ауруханаларына 200 өкпе желдету аппаратына тапсырыс берілді.