Әнші әрі вокал бойынша ұстаз Бақыт Тұрман шоу-бизнестегі кей әншілердің танымалдығына қатысты пікір білдіріп, жастардың олардың концерттеріне жаппай баруына таңданысын жеткізді, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында көрермендердің алкоголь мен есірткі қолданатын әртістердің концерттеріне де қызығушылық танытатынын жазды.
«Халыққа маскүнемдер мен нашақорлардың концерттеріне барып, оларды тыңдаған ұнайды. Не істейсің, халықтың айтатыны осы», – деп жазды Бақыт Тұрман.
Әнші жуырда өткен бір концертті мысалға алып, оған жастардың көп жиналғанын айтты.
«Кеше ғана бір концерт өтіп, бүкіл жастарды жинады. Дауысы да, биі де, таланты да жоқ», – деді ол.
Бақыт Тұрман өз пікірін 16 жылдық кәсіби тәжірибесімен байланыстырып, осы уақыт ішінде көптеген талантты өнер иелерімен жұмыс істегенін атап өтті.
«Маған сеніңіздер, мен 16 жылдық тәжірибесі бар вокал ұстазы ретінде айтып отырмын. Осы уақыт ішінде қой баққан жоқпын, сахнада болуы тиіс талай талантпен жұмыс істедім. Бірақ өкінішке қарай... Мен солардың атынан айтып отырмын», – деп жазды әнші.
Айта кетейік, әнші бұл пікірді белгілі продюсердің шоу-бизнестегі есірткі туралы жазбасына қарата жазған.
Күні кеше Алматы мен Астанада әншілер Садраддин және Қайрат Нұртастың концерттері өткені белгілі.
