«Бұл енді жеке мәселе емес»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі мәселесін көтерді

«Бұл енді жеке мәселе емес»: Жан Мұқанов шоу-бизнестегі есірткі мәселесін көтерді
ашық дереккөз

Белгілі продюсер Жан Мұқанов отандық шоу-бизнестегі есірткі мәселесі туралы жазба жариялап, индустрия бұл тақырыпта үнсіз қалмауы керек екенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Продюсер шоу-бизнес саласында ұзақ уақыт жұмыс істейтінін айтып, соңғы уақытта синтетикалық есірткінің таралуына алаңдайтынын жеткізді.

«Мен алкоголь туралы айтып отырған жоқпын. Мені синтетикалық есірткінің – мефедрон, "кристалдар" және түрлі стимуляторлардың қаншалықты тез таралып жатқаны көбірек алаңдатады», – деп жазды Жан Мұқанов.

Оның сөзінше, бұл мәселенің айналасында тұтас бір жүйе қалыптасып келеді. Біреулер дилерді біледі, енді бірі есірткі тауып береді немесе жеткізеді, ал кейбірі оны жасыруға тырысады.

Продюсер тәуелділік бір адамның ғана емес, айналасындағы ондаған адамның өміріне әсер ететінін атап өтті.

«Көмекшілер кепілге айналады, команда үнемі дағдарыс жағдайында жүреді, отбасылар зардап шегеді», – деді ол.

Жан Мұқанов нақты адамдардың аты-жөнін атамайтынын айтты. Алайда оның пікірінше, өнерпаздың үнемі жұмысынан қалуы, жоғалып кетуі, оғаш мінез-құлық көрсетуі немесе өз міндеттемелерін орындамауы түрлі сұрақ туындатуы қажет.

Продюсер есірткіге тәуелділікті өнер мен жетістіктің бір бөлігі ретінде қабылдауға болмайтынын атап өтті.

«Есірткіге тәуелділік – кәсіптің де, таланттың да, жетістіктің де бір бөлігі емес. Ал егер адамның тәуелділігінен басқа адамдар зардап шегетін болса, бұл енді тек оның жеке мәселесі емес», – деп жазды ол.

Жан Мұқанов шоу-бизнес өкілдерін мәселені жасырмай, ашық талқылауға шақырды. Оның айтуынша, қоғам бұл проблеманы жоққа шығара берсе, оның салдары кейін әлдеқайда ауыр болуы мүмкін.