Дархан Төкеев: Құрылтай сайлауы – жаңа жүйенің алғашқы сынағы

Дархан Төкеев: Құрылтай сайлауы – жаңа жүйенің алғашқы сынағы
жеке мұрағаттан

Жаңа Конституцияның қабылдануы Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға және құқықтық институттарды заман талабына бейімдеуге бағытталған маңызды қадам болды. Тамыз айында өтетін кезектен тыс Құрылтай сайлауы да осы жаңа саяси жүйенің алғашқы практикалық сынақтарының бірі саналады. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Заңнама және құқықтық ақпарат институтының жетекші ғылыми қызметкері, заң магистрі Дархан Төкеев Ult.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

–    Дархан Шүкірбайұлы, Жаңа Конституцияны қабылдаудың басты себебі қандай болды?

Жаңа Конституцияны қабылдаудің басты мақсаты – мемлекеттің конституциялық-құқықтық негіздерін қоғамның жаңа даму талаптарына бейімдеу, мемлекеттік билік жүйесін жаңғырту және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи тетіктерін қалыптастыру болды.

Конституция мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, билік тармақтары арасындағы өкілеттіктердің тепе-теңдігін қамтамасыз етуге, заң үстемдігін нығайтуға, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуға және құқық үстемдігі қағидатын күшейтуге бағытталған. Сонымен қатар, цифрлық дәуірдің талаптарына жауап беретін жаңа құқықтық институттар мен адам құқықтарын қорғаудың қосымша кепілдіктері енгізілді.

–  Тамыз айына жоспарланған кезектен тыс Құрылтай сайлауы жаңа саяси жүйенің алғашқы сынағы деуге бола ма?

Иә, белгілі бір дәрежеде оны жаңа конституциялық модельдің алғашқы практикалық сынағы деп бағалауға болады.
Бұл сайлау жаңа Конституцияда көзделген саяси институттардың нақты жұмыс істеу қабілетін, сайлау рәсімдерінің тиімділігін, саяси партиялардың бәсекелестік деңгейін және азаматтардың саяси белсенділігін көрсететін маңызды кезең болады.

Сонымен қатар, сайлау қорытындылары мемлекеттік институттардың жаңартылған конституциялық жүйеде қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін бағалауға мүмкіндік береді.

– Бұл сайлау нәтижесі Қазақстанның алдағы саяси бағытына қалай әсер етуі мүмкін?

Құрылтай сайлауы нәтижелері заң шығару қызметінің мазмұнына және реформалардың жүзеге асырылу қарқынына тікелей ықпал етуі мүмкін.

Жаңадан қалыптасатын Құрылтай: 

1. Жаңа Конституцияны іске асыратын заңнамалық реформаларды қабылдайды; 
2. мемлекеттік басқарудың жаңа моделін құқықтық тұрғыдан қамтамасыз етеді;
3. Үкіметпен өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін қалыптастырады;
4. экономикалық және әлеуметтік реформалардың заңнамалық негізін жетілдіреді.

Сондықтан сайлау нәтижесі Қазақстанның құқықтық және саяси даму бағытына елеулі ықпал ететін факторлардың бірі болады.

– Қоғам бұл реформалардан қандай нақты өзгерістер күтуі керек?

Қоғам үшін реформалардың нақты нәтижесі ең алдымен олардың күнделікті өмірге әсерімен өлшенеді.

Азаматтар мынадай өзгерістерді күтуге мүмкіндігі бар:

-    адам құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерінің нығаюы;
-    мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен есептілігінің артуы;
-    сот төрелігінің қолжетімділігі мен тәуелсіздігінің күшеюі;
-    мемлекеттік басқару сапасының жақсаруы;
-    заң шығару процесінің ашықтығы;
-    азаматтардың мемлекеттік шешімдерді қабылдауға қатысу мүмкіндіктерінің кеңеюі;
-    әлеуметтік және экономикалық саясаттың тиімділігінің артуы.

Реформалардың табысы олардың Конституция мәтінінде бекітілуімен ғана емес, нақты іске асырылуымен бағаланады.

– Егер бүгінгі реформаларды қорытындылайтын болсақ, олар Қазақстанды демократиялық модельге жақындата ма, әлде бұл ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру ма?

Бұл реформаларды тек бір қырынан бағалау жеткіліксіз.

Бір жағынан, Конституция азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейтуге, заң үстемдігін нығайтуға, билік институттарының тепе-теңдігін қамтамасыз етуге және мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Бұл белгілер демократиялық конституциялық мемлекеттің негізгі қағидаттарына сәйкес келеді.

Екінші жағынан, реформалардың маңызды бөлігі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға, мемлекеттік институттардың тиімділігін арттыруға және жаңа басқару моделін қалыптастыруға арналған.

Сондықтан бүгінгі реформаларды демократиялық институттарды дамыту мен мемлекеттік басқару жүйесін кешенді қайта құруды қатар қамтитын конституциялық жаңғыру кезеңі ретінде бағалауға болады. Оның түпкілікті нәтижесі Конституция нормаларының іс жүзінде қалай жүзеге асырылатынына, мемлекеттік институттардың тиімділігіне және азаматтардың реформалардың нақты нәтижесін сезінуіне байланысты болады.

– Сұқбатыңызға рақмет!