Оралда медицина қызметкерлерін емтихансыз аттестаттап келген заңсыз схема әшкереленді. Тергеу мәліметінше, төрт адам жеті жыл бойы дәрігерлердің орнына онлайн тест тапсырып, шамамен 4 миллион теңге табыс тапқан, деп хабарлайды ult.kz.
Сот материалдарына сәйкес, сертификат немесе біліктілік санатын алғысы келген медицина қызметкерлері делдалдарға жүгінген. Ұйымдастырушылар AnyDesk және Radmin бағдарламалары арқылы компьютерлерге қашықтан қосылып, тест сұрақтарына үміткерлердің орнына жауап берген.
Тергеу нұсқасы бойынша, схеманы "Тәуелсіз емтихан алудың ұлттық орталығының" өңірлік сарапшысы ұйымдастырған. Ал заңсыз аттестациядан өткен медицина қызметкерлеріне төленген үстемақы көлемі 16,5 миллион теңгеге жеткен.
Айыпталушылар кінәларын толық мойындады. Сот олардың әрқайсысына бір жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Алайда Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты олар негізгі жазадан босатылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.