Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты алғаш рет үн қатты

Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты алғаш рет үн қатты
Фото: Нейрожелі арқылы жасалды

Танымал актриса Дариға Бадықова өткенін қайта қозғаудан гөрі, бүгінгі бақытына көңіл бөліп, болашағына үмітпен қарауды таңдағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі жазбасында әр адамның көпшілік біле бермейтін өз тарихы бар екенін жеткізді. Алайда ол басынан өткенін жұртқа жариялап, сол естеліктермен өмір сүргісі келмейтінін атап өтті.

"Мен өткен өмірімді жария етпесем де, өткенім туралы ән айтпасам да, басымнан өткен тағдырымды киноға айналдырмасам да, өз тарихым бар! Мен өткеніммен өмір сүргім келмейді. Мен тек алға жылжуды таңдадым. Жақсы күндердің келетініне сендім. Бақыттың да, махаббаттың да, ғажайып сәттердің де маған бұйыратынына сендім", - деп жазды актриса.

Бадықованың айтуынша, өміріндегі қуанышты күннің құрметіне өзіне ән арналған. Ол бұл туындыны өткеннің мұңын жеткізетін шығарма емес, қайта бақытқа сенген көңілінің қуанышы деп қабылдаған.

"Бұл ән – бүгінімнің бақыты. Бұл ән – жараланған жүректің зары емес, қайта бақытқа сенген жүректің жеңісі. Менің өткен өмірім жоқ. Менің тек бүгінім мен келешегім бар! Өйткені мен өткенімді әңгіме етуді емес, болашағымды әдемі етуді таңдаған әйелмін. Осындай әнге рақмет, Шампон!", – деді ол.

Айта кетейік, Дариға Бадықованың бұрынғы күйеуі жазба жариялады.

Дариға Бадықова кім?

Дариға Бадықова – қазақстандық актриса әрі продюсер. Ол 1985 жылғы 1 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында дүниеге келген. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында «Музыкалық драма және режиссура» мамандығы бойынша білім алған.

Көпшілік оны «Келінжан» телехикаясындағы Айсара рөлі арқылы таниды. Ауылдағы отбасының тіршілігін, келіндер арасындағы қарым-қатынасты әзілмен жеткізетін бұл жобада актриса басты кейіпкерлердің бірін сомдады. Кейін телехикая негізінде түсірілген «Келінжан» толықметражды фильмдеріне де қатысты.

Бадықова актерлікпен қатар кино өндірісінде де еңбек етіп жүр. «Таптым-ау сені» фильмінде продюсер болып, басты рөлдердің бірін өзі ойнады. Туындыдағы экрандық серіктесі – актер Олжас Абай. Актриса бұл жоба арқылы көрерменге Айсарадан өзге бейнеде көрінуге ұмтылғанын айтқан.