BTS «Азиялық поп-музыка» номинациясына қарсы шықты

BTS «Азиялық поп-музыка» номинациясына қарсы шықты
ашық дереккөз

«Грэмми» сыйлығының ұйымдастырушылары келесі жылдан бастап енгізілетін «Үздік азиялық поп-музыка» номинациясына байланысты BTS тобының байқауға қатысудан бас тартуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды ult.kz.

Әлемге танымал кей-поп тобы BTS жаңа «Arirang» альбомын аталған номинацияға ұсынбайтынын жариялаған. Музыканттар бұл шешімін музыканың тіл мен географиялық шекараға бөлінбеуі тиіс деген ұстанымымен түсіндірді.

«Музыканың адамдардың жүрегіне ешқандай шекара мен тілге қарамастан жеткенін қалаймыз. Бізді әрдайым қолдайтын ARMY жанкүйерлеріне алғыс айтамыз», – деді топ мүшелері.

Бұл шешімге қатысты пікір білдірген Дыбыс жазу академиясының (Recording Academy) бас директоры Харви Мейсон кіші BTS-тің таңдауына құрметпен қарайтынын айтты.

«BTS-тің биыл "Грэмми" сыйлығына қатыспау туралы шешімі мені қынжылтады. Дегенмен музыкамен айналысатын адам ретінде олардың таңдауын түсінемін және құрметтеймін», – деді ол.

Мейсонның айтуынша, «Азиялық поп-музыка» номинациясы Азиядағы поп-музыканың тереңдігі мен жанрлық әртүрлілігін, сондай-ақ оның әлемдік танымалдығының артуын атап өту үшін құрылған.

Ол жаңа санаттың мақсаты орындаушыларды бөлу емес, керісінше, көбірек әртістің еңбегін бағалауға мүмкіндік беру екенін атап өтті. Сонымен қатар, жанрлық номинацияға өтінім берген орындаушылар «Жыл альбомы», «Жыл әні», «Жыл жазбасы» сияқты негізгі «Грэмми» марапаттарына да үміткер бола алатынын жеткізді.

Еске салсақ, 2027 жылғы «Грэмми» сыйлығында алғаш рет «Үздік азиялық поп-музыка» номинациясы енгізіледі. Бұл санатқа азиялық тілдердің бірінде немесе бірнешеуінде орындалған поп-әндер мен альбомдар ұсынылады.