Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан заңсыз төлем алғандарға қатысты қылмыстық істер қозғалып, мыңнан астам әйел жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Вице-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта әлеуметтік төлемдерді заңсыз алу фактілері бойынша 38 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Алдын ала деректерге сәйкес, келтірілген залал көлемі шамамен 3 миллиард теңгені құрайды.
Осы уақытқа дейін 9 іс бойынша сот үкімі шығарылып, заңсыз схемаларды ұйымдастырған тұлғаларға қатысты жаза тағайындалған.
Мамандардың түсіндіруінше, кейбір жағдайларда әйелдер жалған жұмысқа рәсімделіп, кейін жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді заңсыз алған. Осылайша мемлекет қаражатын мақсатсыз пайдалану деректері анықталған.
Қазіргі таңда барлық фактілер бойынша тергеу амалдары жалғасып жатыр.